Құлалы - Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі доғаша иілген арал. Ұзындығы 35, ені 5 шақырымды құрайды. 55 жастағы жамбылдық Петр Лупенковтің бұл аралда өмір сүріп жатқанына биыл 26 жыл, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Метеоролог мамандығын меңгерген Петр Иванович алғашында Құлалы аралына теңіз айдынындағы ауа-райын зерттеуге уақытша ғана келеді. Кейін аралдың табиғатын ұнатып, осында қалуды ұйғарады.
«Қалаға жылына бір рет шекарашылардың тікұшағы немесе кемесімен барып келемін. Алайда у-шу ортадан, төрт қабырғадан тез зерігіп кетемін. Бала кезімнен таудың етегінде өстім, табиғатқа жақынмын. Мұнда таза ауа, тылсым табиғат, өзімді аралдың қожайынындай сезінемін», - дейді ол.
Қазақстандық «Робинзон Крузо» Петр Лупенков қазіргі таңда Маңғыстау метеорологиялық стансасының «Құлалы» аралындағы өкілі ретінде әр үш сағат сайын су деңгейін, толқынның биіктігі мен желдің жылдамдығын бақылап, орталыққа хабарлап отырады. Бұл ақпараттар теңізге шыққан кемелер мен балықшылардың қауіпсіздігі үшін аса қажет, делінген Түпқараған аудан әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.