Биыл Маңғыстаудағы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» 56 медициналық ұйыммен келісімшарт жасады. Қор тарапынан медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Медициналық қызметтер сапасын мониторингілеу бөлімінің басшысы Мадина Баспаева мәлім етті.
«Мониторингтік топпен бірге 25 медициналық ұйымға бақылау жүргізілді. Тексеріс барысында құжаттардың толық жүргізілмеуі, қызметті ұзақ алу, емдік шаралардың талапқа сай еместігі анықталды. Олқылықтың орнын толтыру үшін медициналық ұйымдарға 45 күн беріледі. Кемшілік жойылмаса тиісті шаралар қолданылады», - деді Мадина Баспаева.
Айта кетейік, қорда медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында сарапшылық кеңес жұмыс істейді. Бұдан бөлек әрбір ұйымда науқастарды қолдау мен ішкі аудит қызметі бар. Мұнда науқастарға көрсетілетін медициналық көмек тәртібінің жай күйі анықталады. Егер науқас көрсетілген медициналық көмекке қанағаттанбай жауапты қызметкер тарапынан дөрекілік, не болмаса тегін медициналық көмек үшін ақша талап ету секілді жайттар орын алса, мәселені тез арада қарастыруға жұмыстанады.