Маңғыстау облысына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан қосымша 504 тонна сұйытылған газ бөлінді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысының әкімдігінің хабарлауынша, сұйытылған газ алдағы 2-3 күнде өңірге келеді. Маңғыстау облысының сұйытылған мұнай газына ай сайынғы сұранысы 19 мың тонна. Оның 14 500 тоннасы «Қазақ газ өңдеу» зауытынан жіберіледі. Қалғаны Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілуі тиіс еді. Аталған зауыт наурыздың соңына дейін жөндеу жұмыстарына жабылып, көлік отынының Маңғыстауға тасымалдануы уақытша тоқтатылған.
Қалған қажеттілікті өтеп, қалыптасқан мәселені шешу үшін облыс әкімі шұғыл шешім қабылдады. «Қазақ газ өңдеу» зауытынан наурыз айының соңғы күндері берілетін газды бері жылжытып, бүгін-ертең газ құю бекеттеріне жіберіледі. Бұл мәселені толық шешуге мүмкіндік береді. Аймақ басшысы бұл жұмыстарды осы салаға жауапты орынбасарына жіті қадағалауды тапсырды, - делінген әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында.