Тарихында талай әкім тізгіндеген 90 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ Маңғыстау ауданына Тілек Көшмағанбетов әкім болған екі жыл уақыт ішінде ауқымды жұмыстар атқарылып, біршама өзгерістер орын алып жатқандығына барша аудан халқы куә. Көптен бері ойлап жүрген Тілек Жеткізгенұлымен сұхбаттасудың сәті бүгінге түсіпті. Жұмыс орнында әңгімесінің басын «Туған жерге қызмет ету бізге бұйырған бір бақ қой» деп бастаған аудан әкімі Т.Жеткізгенұлымен өткен екі сағатта құнды ақпараттарға толы әңгімелесу болды.
- Тілек Жеткізгенұлы! Сіздің қызметке кіріскелі бері екі жылдың жүзі болыпты. 2 жыл дегеніңіз 2 ай емес, біраз шаруаны бастап, біраз шаруаны аяқтап үлгеруге болатын бірталай уақыт. Осы екі жылда Маңғыстау ауданына қандай жағымды жаңалық алып келдіңіз? Аудандықтардың өмірінде қандай оң өзгерістер орын алды деп ойлайсыз? Екі жыл бұрын бастаған бастамаларыңыз жемісін бере бастаған болар...
- Иә, дұрыс айтасыз, менің осы ауданға келіп жұмысқа кіріскеніме ақпан айының басында 2 жыл болды. Ауданға қарасты 12 ауыл, 21 елді –мекен бар болса, әр қайсысының мәселесі әр алуан. Елді-мекеннің өзінің ауылға татитын жұмыстары бар. Мәселен, мен келгеннен әлеуметтік-экономикалық жағынан арттыруға алдыма мақсат қылған Бекі ауылын айтар болсақ, балалардың білім алатын ошағын ретке келтіру, су мәселесі, ұялы байланыстың нашарлығы. Осы аталған үшеуінің ішіндегі ұялы байланыс мәселесі бүгінгі таңда облыс әкімінің араласуымен шешімін тапты, халық игілігін көруде. Мектеп мәселесі бойынша 100 орындық мектепке жобалық сметалық құжаттамасын жасап шығарып, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, бюджетке ұсыным берілді. Егер бюджеттен 700 млн 944 мың теңге көлемінде қаржы бөлінетін болса, мектеп салғымыз келеді. Мектеп салу арқылы біраз мәселені шешуге болады, ауыл жастарының сұрап жүрген спорт зал мәселесі, мектептің айналасына тал өсіріп саябақ салу деген сияқты мәселелер шешімін табар еді. Ауылдың су мәселесі бойынша Республикалық «Қазсушар» шаруашылық жүргізу мекемесі айналысатын еді. Мамыр айынан бері Бекі ауылына «Қаламқас» өндірістік кен орнының техникаларын жұмылдыра отырып, ауыз су тасымалданып, сумен қамтыдық. Қазіргі таңда облыстық энергетика басқармасы арқылы республикадан 314 млн.теңгеге жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, 220 млн.теңге көлемінде қаржы алынып, қазіргі таңда конкурс жүргізіліп жатыр, яғни биыл ауылға су тартамыз. Бұл мәселе де шешілуге таяу. Қызметке кіріскеннен кейінгі менің тағы бір мақсатым жол салу еді. Ауданға қарасты ауылдарға, селолық округтерге баратын жолдарды жөндеу жұмыстары қазір толығымен аяқталды. Шетпе-Шайыр, Шетпе-Тұщықұдық, Тұщықұдық-Шебір, Қызан-Ақшымырау, Ұштаған, Онды ауылдарының жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы жол жөндеу жұмыстарына 3 млрд.теңгеге жақын қаржы алған болсақ, биылғы жылы 2,5 млрд.теңгеге жуық қаржы алдық, әлі де болса жол жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Одан бөлек аудан орталығындағы шетпеішіндегі 13 көшенің жолдары жаңарып, іске қосылды. Сайөтес ауылындағы Толыбай ауылы жолдарының жұмыстары да толығымен аяқталды. Бұдан ары қарай жол жаңарту жұмыстары жалғасын таба бермек, әлі алдымызда 27 жоба жұмыстары жасалынып жатыр. Бұдан бөлек ауданға қарасты Жармыш ауылының кіре беріс жолдарын жөндеу, мәдениет үйінің жұмыстарын жүргізу дегендей айта берсек әр ауылдың өз дәрежесінде атқарылар жұмыстары бар. Мұның барлығы да кезең-кезеңімен жасалынып жатқан жұмыстар.
Мен қызметке кіріскен 2019 жылы «Жастар жылы» болатын. Осы орайда алға қойған бір мақсатымыз ауылдағы мәдениет үйі, спорт мектептерін күрделі жөндеуден өткізсек дейтін жоспарымыз болған. 2019 жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы мәдениет үйі және спорт мектебі күрделі жөндеуден өтсе, 2020 жылға «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша күрес, бокс залы және орталық стадионмен саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ өзіміздің кеңес заманынан бері келе жатқан 3 саябақ бар, 2019 жылы аудан орталығындағы саябаққа 3000-ға жуық тал егіліп, оның ішіне тамшылата суару жүйесі жасалып, брусчатка төсеу, жарықтар салу жұмыстары жүзеге асты. Саябақта орналасқан Ж.Мыңбаев ескерткішінің сыртын қоршап жаңарту сияқты жұмыстар жасалынып ретке келді. 2020 жылы Қыдырбай Жүсіпов атындағы саябаққа көңіл бөліп, ол жерге 500-дей тал егіліп, Ұлы Отан соғысынан қайтпаған боздақтардың аттары жазылған ескерткіш тақтасына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде өздеріңіз көріп жүргендей биіктігі 22 метр болатын ту орналастырылды, екі су бұрқақ қойылып, жастар үшін жарықпен көмкерілген арбат ұйымдастырылды. Ауданның спортшы жастары үшін орталық стадионға да күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жасыл желек төселді, ішіне 600 орындық түрлі түстегі орындықтар қойылды. Мұның бәрі аудан жастары үшін жасалып жатқан дүниелер. Сондай-ақ Шетпе-1-де орналасқан саябаққа қазір су тарту жұмысы жасалып, былтыр 400-ге жуық жеміс талы егілген болатын, қазір талдарды қию жұмыстары жүріп, жан-жағы қоршалды. Ендігі жоспарымыз саябақ ішіне брусчатка төсеп, сол маңда тұратын халықтың емін-еркін барып, балаларын ойнатып, демалатын орынға айналдырғымыз келеді. Жарықтандыру мәселесі бойынша бізде бұрын қолданыста 250 ваттық лампалар, жарығы әлсіз әрі үнемсіз болатын. Ал қазір 150 ваттық 350-ге жуық лед лампалар қойылып жатыр, 150 ват болғанымен жарық шашуы бұрынғыдан жақсырақ әрі тоқ үнемдеу жағынан жоғары. Орталық көшені жарықтандыру, ауыл ішіне толық жарық жүргізу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табуда.
- Қызметке кіріскенде алғашқы жұмысыңыз, көше сәнін алып тұрған ретсіз орналасқан сауда-саттық дүкендерді, көшеде көрініп тұрған тұрмыстық қатты қалдықтарды, қордаланып қалған қоқысты тазартудан бастадыңыз. Бұл жұмыстар төңірегінде не айтар едіңіз?
- Көше сәніне келер болсақ, оған жоғарыда да тоқталып кеткен болатынмын. Ал ретсіз орналасқан дүкендерге келер болсақ, иесіз, ретсіз дүкендер көп. Бұрын салынып қойған біреудің дүниесін бұзып тастау да қиындау мәселе. Шеті жоқ салынған дүңгіршектердің барлығын біріктіріп, үлкен көлемде сауда орталықтарын салу жөнінде де кәсіпкерлерге ұсыныс берілген. Қазіргі таңда меншік иелеріне ескерту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдың келбеті бойынша қазір аялдамалармен жұмыс жасау қарқынды жүруде. Ауылдың жаңашыл жастарына да ризамын. Себебі кәсібін жаңа бастап жатқан жастар ауылдың сәнін кіргізу мақсатында соңғы үлгідегі жабдықтармен аялдамалар салу жұмыстарына кірісіп жатыр.
Ал қоқыс мәселесі бойынша жұмыстар тоқтаусыз жүруде, жүре де береді. Тазалық жұмыстарына былтыр 6 млн.теңге қаржы бөлінсе, биылғы жылы 27 млн.теңгеге дейін көтердік. Қаржы көбейген сайын жұмыста ауқымды болмақ. Көпшілікке мәлім, осыдан 3-4 жыл бұрын ауданның тазалық жұмыстарымен айналысатын бірден-бір «Маңғыстау жылу, су» мекемесі қаржылық дағдарысқа ұшырап, мекеме жұмысы толықтай тоқтатылған болатын. 2020 жылы аудан әкімі аппаратының ықпалымен берешектері толық өтеліп, қазіргі таңда жұмысы қайтадан жандануда. Осы мекемемен 500 қоқыс салатын жәшікпен, оны таситын техника алуға жұмыстанып жатырмыз. Сол техникалардың игілігін көруге, көше тазалығын бірге ұстануға халыққа түсінік жұмыстарын үнемі жүргізу керек деп ойлаймын.
- Маңғыстау ауданы — облыстан ауылшаруашылығы саласы бойынша көш бастап тұрған ауданның бірегейі. Солай бола тұра, ауыл шаруашылығы саласының қарқыны баяулау. Мәселен, тамшылата суару, жем-шөп бағасының қымбатшылығы десе аудан әлі жіп есе алмай отыр... Сіз не дейсіз?
- Ауданымыздағы егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының 90 %-ға жуығы тамшылата суару әдісін қолданады және аудан бойынша агроаймақ құру бағытында конкурс арқылы 3 гектар аумаққа егістік егу мақсатында жеке кәсіпкерге жер телімі беріліп, тиісті жұмыстары жүргізілетін болады. Тамшылата суару әдісін пайдалану үшін мемлекеттен субсидия қарастырылған. Ауданымызда мал азықтық жем саудасымен 11 кәсіпкер айнналысып отыр. Жем бағасы 1300-1500 теңгеден сатылуда. Алайда, бұл баға былтырғыға қарағанда қымбат. Оған себеп, Қостанай облысындағы жем өндіретін элеваторлардағы бағаның қымбатшылығы болып отыр. Шетпе ауылындағы қоймаларда 1 келі жем бағасы 72 теңгеден сатылады. Қостанай облысынан 1 келі жем 58-65 теңге, оның үстіне тасымал шығынының қымбатшылығы да әсер етеді. Бағаны түсіру әзірге мүмкін емес, алайда бағаны тұрақтандыру мақсатында «Каспий» ӘКК мен «Сегізбай Ата» ӨК бірлесіп, ауданға 180 тонна жем алдыртып, тұрғындарға жем 1360-1400 теңгеден сатылады. Сонымен қатар, мал азығына мемлекеттен қолдау ретінде субсидия қарастырылған. Шаруа қожалықарының құжаттары барлық ережелерге сәйкес келсе субсидия алуға мүмкіндіктері бар.
- Ауданда туризмді дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
- Ауданымызда жалпы келген саяхаттаушылар мен келетін қонақтарға көрсетер болсақ, небір көз тартар әдемі табиғаттың көріністері жетіп жатыр. Қазір осы туризм мәселесі басты назарға алынып, көптің талқысына түсіп те жатыр. Өңіріміздегі Ақмыш демалыс орнынан бастап, Шерқаланы айналып, Самал демалыс орны, Тобықты мен Отпан тауды қосатын жүруге қолайлы жол салу жоспарда тұр, оның жобасын жасақтап облысқа ұсынып отырмыз. Егер мақұлданатын болса жұмысты кідіртпей бастап кетуіміз қажет. Өңірімізге келетін туристер бар, туризм саласын дамытуымыз қажет. Ауданымызға келетін туристер мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында санитарлық-гигиеналық қондырғы орнату жұмыстары қолға алынды. Тобықты, Самал, Ақмыш демалыс орындарына қойылды. Шаңдақ жеріне орнатылуы тиіс санитарлық-гигиеналық қондырғы, аталған аймаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін орналастырылатын болады. «Көгез» этно ауылына су тарту және қосымша жер телімін бөліп беру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Жеке кәсіпкердің жобалық сметалық құжаттары дайын болған жағдайда мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландырылатын болады. Қазіргі таңда «Көгез» этно ауылына әкімдік тарапынан тоқ желісі тартылып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, туристерге сервистік қызмет көрсету мақсатында Бейнеу-Ақтау автокөлік жол бойындағы Жармыш, Шетпе ауылдарынан «Нұркапитал» өңірлік бағдарламалар аясында жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу мақсатында қаражат беріліп, құрылыс жұмыстары басталды. Шетпе ауылындағы сервистік орталық ауданымызға келген туристер мен қонақтарға өз қызметтерін көрсетуде.
- Кез келген әкім ең алдымен бюджет қоржынын қомпайтуға әрекет жасайтыны мәлім. Қазынаны арттыру жағы қалай? Ауданның өзі тапқан табысы бюджеттің қанша пайызын толықтырады?
- Әрине, аудан бюджетін қаржыландыру бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатыр, өсім де жоқ емес. 2020 жылға арналған аудан бюджеті 11 млрд. 424 млн.теңге болып бекітілді. Жыл ішінде 4 рет нақтыланып, аудандық мәслихаттың шешімімен 13 млрд. 294 млн. еңге болып нақтыланды. Жылдың қорытындысымен толық игерілді. Өсім 1 млрд. 870 млн.теңге. Қаржы толықтай игерілді.
- Жауапты лауазымға келіп, аудан халқының әл ауқатын арттыру барысында өзіңіздің бастамаңызбен жасалынып жатқан жұмыстарға қандай баға бересіз? Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...
- Жасалған жұмыстардың бағасын халық бағалай жатар. Ал алдағы атқарылар жұмыс әлі де көп. Ауылымыздағы Беріш дүкенінен тікелей ЖаңаОрпа шағын ауданына кіретін көпір салу жобасы, жалғыз түйір жол өткелін 4 қатарлы қылып өсіру, Қосбұлақ-2 елді-мекенінен 600 орындық мектеп салу жобасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан шықса, едәуір мәселе шешімін тапқалы тұр. Биылғы жылы Қ.Жүсіпов атындағы саябаққа 3000-ға жуық тал егіп, тамшылата суару жүйесін іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Тағы бір мәселе Ақшымырау-Қызан, Шетпе-Ақтау бағытындағы маршрут мәселесі бойынша облысқа ұсыныс беріп, субсидия бөліну қажет. Субсидия бөлінсе автобустар азғантай жолаушыменде жүреді. Себебі үкімет көмектесетін болады, осы мәселені шешу жоспарда бар. Қай жұмысты қолға алғанда да эскизбен, жобамен жасаған дұрыс деп білемін. Ауыл көркін келтіру мақсатында орталық мешітке жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Енді мешіт алдына брусчатка төсеу, су бұрқақ орнату сияқты жұмыстарды жасауды көздеп отырмыз. Сондай-ақ ауданымыздан қос қабатты үйлер салу, темір жол вокзалын жаңарту сияқты ауқымды жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Алда атқарылар жұмыс әлі де жетерлік.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Алдағы атқарылар жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Дина УТЕПБЕРГЕНОВА