18 жастағы Альбина Жайлаубаева «Chance» мобильді қосымшасын жасап шығарды.
Қосымшада күнделікті өтіп жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған түрлі шаралар туралы ақпарат көрсетіледі.
«Осыдан 2 жыл бұрын информатика пәнінің мұғалімі Самат Жүзбергенов «Caspian Startup» байқауына қатысуды ұсынды. Ұсынатын жобаны ойлана келе мобильді қосымша құрастыру идеясы келді. Себебі оқушыларға, студенттерге әлемде болып жатқан жарыстар туралы ақпарат бір жерде сақталмайды. Неге мүмкіндікті пайдаланбасқа? Кейде мұғалімдер конкурстар туралы хабарлауды ұмытып кетеді. Пән мұғаліміне идеямды ұсындым, ол қолдады. Презентациясын жасап, жарысқа қатыстым», - деді Альбина Жайлаубаева.
Ақтаудағы физика-математика мектебінің түлегі аталған конкурста өңірдегі IT саласының мамандары тарапынан қолдау тапты. Мамандармен бірлесіп, 5 айдың ішінде қосымшаны құрастырып шығарды.
«Қосымшада қолданушылар әртүрлі байқаулар, тренингтер, мастер-класстар, ғылыми-мәдени спорттық жарыстарды күнделікті реттеп, жинақтап қолданушыларға ұсынады. «App Store» және «Play Market»-ке 2020 жылдың наурыз айында шықты», - дейді Альбина Жайлаубаева.
Қазіргі таңда Альбина Жайлаубаева Австриядағы жоғары оқу орнына дайындалып жатыр. Болашақта кәсіпкер болуды армандайды.