Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы алғаш рет жүз пайыз автокөлікпен қамтылды. Қазіргі таңда облыс көлемінде 50 жедел жәрдем көлігі қызмет етіп жүр. Соның 15-і Ақтау қаласында, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Жақында жедел жәрдем қызметі 52 бірлік арнайы автокөлікпен толықты. Нақты айтқанда, 17 «Hundai Н 350», 20 «Jac Sunray В санаты», 4 «Jac Sunray С санаты» және 6 «Jac Sunray А санаты», 2 «УАЗ Patriot С санаты», 3 «Hundai Н 350 С санаты» пайдалануға берілді», - дейді сапалы медициналық қызмет көрсетуді бақылау бойынша директордың орынбасары Жайнагүл Ілиясова.
Қызметтік автокөліктердің барлығы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Атап айтқанда, В санатына жататын жедел жәрдем көлігінде электрокордиограмма, дәрі-дәрмек сақталған қорапша, жағдайы ауыр науқастарға және тұншығу кезінде өлі заттарды сыртқа шығаруға арналған жиынтықтар бар. Сондай-ақ өте ауыр жарақат алып, сүйегі сынған адамдарға арналған құралдар және тағы басқа аппараттармен толықтырылған.
Бұл өз кезегінде ақ желекті жандардың жедел қызмет етуіне мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта облыстығы басқа да аудандар аталған жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар жедел жәрдем стансасына генератор берілген. Жарық өшкен кезде стансадағы диспетчер бөлімі генератор арқылы шақыртуларға жауап береді.
«1 шағынауданда орналасқан жедел жәрдем станциясында мұндай генератор болған жоқ. Облыстық әкімдіктің қолдауымен генератор берілді. Генератор жарық өшкен кезде 11 секунд ішінде өз қызметіне кіріседі. Осылайша әрі қарай диспетчер бөлімін жарықпен қамтамасыз етеді. 5 сағатқа дейін жедел жәрдем станциясын жарықпен қамтамасыз етуге күші жетеді», - дейді облыстық жедел жәрдем стансасының ІТ маманы Б. Иманғали.
Айта кетейік, облыстық жедел жәрдем стансасы 716 578 адамға қызмет көрсетіп отыр.
Десе де тұрғындар тарапынан ақ халаттыларға айтылар шағымдар да азаймай отыр. Әсіресе, жедел жәрдем қызметінің жеделдігіне көңіл толмайтын тұстары бар екенін жасырмайды. Бұл ретте денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі, тұрғындарды түсіністік танытуға шақырады. Сондай-ақ жедел қызмет етуге қала ішіндегі кептелістің де себеп екенін айтып отыр.
Жалпы жедел жәрдем қызметі 4 деңгей бойынша медициналық көмек көрсетеді. I, II, III деңгейде оқыс оқиға не жазатайым жайт болғанда, ауыр жарақат анықталса, яғни жол-көлік оқиғасы, күйік шалу, ішкі ағзаларға зақым келу, өз-өзіне қол жұмсау әрекеті, жүрек-қан тамырлары аурулары асқынуы, аяғы ауыр нәзік жандылар, жануарлар тарапынан шабуылға ұшырау, дене қызуы көтерілу, естен тану, соқырішек сынды аса ауыр жағдайларда 5 минут ішінде шұғыл медициналық көмек көрсетілуі тиіс.
Ал орта деңгейде, яғни тағамдардан улану, несеп жолдары ауруларында, аллергиялық белгілер анықталғанда, бөртпе пайда болғанда жедел жәрдем көлігі 20 минут ішінде жетеді. Жеңіл жарақат анықталса, жарты сағат көлемінде көмек көрсетіледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН