Жақында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің тамақтану кафедрасының меңгерушісі, нутрицолог, медицина ғылымдарының кандидаты Майгүл Қайнарбаева салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандары Ассосациясының ұйымдастыруымен облыс орталығындағы және Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарының медицина саласы қызметкерлері мен мектеп медбикелері, жүкті әйелдер, жас босанған аналар, фертильді жастағы әйелдер, 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер арасында «Аурулардың алдын алу, дұрыс тамақтану қағидаттары», «Омырау емізуді және жауапты ана болуды насихаттау» тақырыбында семинар өткізді.
- Адам денсаулығын сақтаудың басты шарты—дұрыс тамақтану десек, тамақтануға ерекше көңіл бөлген абзал. Тамақ құрамының құндылығы да басты назарда болғаны дұрыс. Тиімді, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, ағзаның қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарылауына және ағзаның қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді. Дұрыс тамақтану жүрек, қан-тамыр, асқазан-ішек жолдары, қант диабеті, остеопороз, онкологиялық аурулардың алдын алу үшін, сыртқы орта әсеріне қарсы тұру үшін ағзаның жұмыс қабілеттелігін арттыру үшін, белсенді ұзақ өмір сүру үшін қажет. Салауатты тамақтану және жоғары дене белсенділігі, спортпен шұғылдану, күйзеліспен күресе білу, темекіден, ішімдіктен бас тартып, салауатты өмір салтын ұстану арқылы аурулардың алдын алып, денсаулықты және тартымды келбетті сақтап, сұлу да сымбатты, тәні мен жаны жас, белсенді болып жүруіңізге болады,-деді Майгүл Сейдуллақызы .
Сондай-ақ ол облыс орталығындағы «Ана мен бала» перинаталдық орталығында болып, аяғы ауыр және жас босанған аналармен кездесіп, омырау сүтімен емізудің пайдасы, тұңғышын босанған жас аналардың сәбиін қалай емізу керектігін туралы жан-жақты әңгімеледі.
Бала шыр етіп туғанда оның тіршілігіне қажеттісі ауа мен сүт. Ана сүтінде нәрестеге керек қоректік заттардың бәрі бар екендігі ғылыми дәлелденген. Ана сүті—Жаратушының өімге жаңа келген нәрестеге жаратып қойған қорегі.
- Бала емізу–ана үшін үлкен бақыт, - дейді М.Қайнарбаева. - Босанғаннан кейін қиналғандарының бәрі сол сәтте-ақ ұмытылады. Ана сүтінің құрамы басқалардан ерекше. Мұнда нәрестенің өсіп, дамуына қажетті заттардың бәрі—ақуыз, май, лактоза қанты, минералды тұздар, дәрумендер, ферменттер және иммундық заттар бар. Бұл иммундық, ферменттік заттардың бактериоциттік қасиеттері нәрестенің аурудан сақталуы үшін аса қажет. Сондықтан ана сүтін емген бала ауырмайды. Ауырса да, жеңіл ауырып, тез жазылып кетеді. Ана сүті баланың бойына тез сіңеді. Әр ананың сүтінің өзіне тән ерекшелігі болады. Анасының ішіп-жеген тамағына, денсаулығына, жасына, көңіл-күйіне байланысты сүтінің құрамы мен сапасы да өзгеріп тұрады.
Майгүл Сейдуллақызы болашақ және жас аналардың сауалдарына жауап беріп, жеке сұрағы барын жеке қабылдады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА