©
Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ғаламаддин Асқар, Сағынбек Талғатұлы және физика пәні мұғалімі Дамир Еркмалиев автоматтандырылған сүйену таяғын жасап, патент алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Автоматтандырылған сүйену таяғы зағип, көзі нашар көретін жандарға көмек болатын инновациялық құрал. Ол жолда кездесетін кез келген кедергіні оңай анықтайды. Дезориентация жағдайында touch батырмасы арқылы көмек шақыруға мүмкіндік береді. Ал таяқ жерге құлаған кезде дыбыс шығады, яғни қолданушының оны іздеп таба алады. Белгілі бір жерге жету үшін «А нүктесінен В нүктесіне дейін» функциясын қолдануға болады. Сонымен қатар таяқта телефон номерлерін сақтап қоюға болады. Сол арқылы қоңырау шалу мүмкіндігі қарастырылған.
Ғаламаддин Асқардың айтуынша, жоба идеясы зағип адамның интернеттегі сұхбатын көргеннен кейін пайда болған.
«Сұхбат барысында кейіпкер гаджеттерден ән, аудиокітап тыңдай алатынын, ақшаны да санауға мұршасы барын, яғни көп нәрсені өздігінен орындай алатынын айтты. Бірақ оның бір жерден екінші жерге баруға шамасы келмейді екен. Сол кезде Сағынбек екеуіміз осы проблеманы шешуді мақсат етіп, ұстазымыз Дамир Еркмалиевтің көмегімен сүйену таяғын жасауды қолға алдық. Бұл жобаның ерекшелігі — таяқ дөңгелектерінің айналуынан пайда болатын механикалық энергияның жүйені толықтай энергиямен қамтамасыз етуінде», - дейді Ғаламаддин Асқар.
Құрылғының жиналу механизмі де ерекше. Ол барынша тез әрі оңай кішірейтіледі. Қоғамдық көлікке отырғанда қолға алуға ыңғайлы етіп жасалған. Салмағы 2 келіге жетпейді, 7-8 секундта жиналады. Сондықтан құрылғыны мүмкіндігі шектеулі жандар тез көтеріп, көлікке отыра алады.
«Таяқты жасау идеясын жетілдіре келе оның прототипін құрастырдық. Ең алғаш таяқ жай ғана конструктор түрінде болды. Одан кейінгісі қолдану үшін жасалды. Кейін жоба бойынша оның мүмкіндіктерін көбейтіп, үшінші таяқты жасадық. Бұл құрылғының құрылымы күрделі әрі ыңғайлы болды. Жалпы прототипті жасауға 7 айдай уақытымыз кетті», - деді жоба авторы Ғаламаддин.
Енді қаржылай қолдау көрсететін инвестор табылса, қос жоба авторы құрылғыны қолданысқа енгізуге дайын.
Айта кетейік, жоба 2019 жылы басталған болатын. Кейін Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары арасында өткен ғылыми жобада жүлделі 1-орынға ие болған. Ал биыл жобаға патент беріліп отыр. Жобаны бастаған маңғыстаулық оқушылар биыл мектепті үздік бітірген.
Қазіргі таңда Сағынбек Талғатұлы Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінде Computer Science мамандығы бойынша, ал Ғаламаддин Асқар Кореядағы KAIST-те Electrical engineering бойынша білім алып жатыр. Түлектеріміздің айтуынша, енді олар қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешу үшін университет қабырғасында да идеяларын жандандыруды жоспар етіп отыр.
Жұлдыз ҚАЛИЕВА