Ақтауда 4 шағынаудандағы жаяу жүргіншілер жолының жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын 3 ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаяу жүргіншілер жолының екі жағындағы бетон жақтаулар кетіп қалған, асфальт беті шұрық тесік, жарылып кеткен болатын.
«Жаяу жүргіншілер жолының аумағы – 6 мың шаршы метр. Мердігер – «Ағашты – 1» мекемесі. Негізі дефектілік актілері алдыңғы жылдары жасалған еді. Қаржының тапшылығына байланысты жұмыстар кейінге қалдырылып келді. 3 айдың ішінде жаяу жүргіншілер жолының жөндеу жұмыстары аяқталады», - дейді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.
Оның айтуынша, алдағы уақытта «Жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 2, 26, 27, 6, 2, 7 шағынаудандарында да абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Балалар ойын алаңдары, спорт алаңдары, шағынауданішілік автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтеді. Конкурс аяқталған соң, тиісті жұмыстар басталады.
Сонымен қатар жол бойындағы тұрғын үйлердің (157) қасбеттері (фасад) толығымен сырланып, жаңарады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА