Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Инфекцияға қарсы стационарларда емделіп жатқан 112 науқастың ішінде 1 жүкті әйел және 28 бала бар. Облыстың бас дәрігері Жамал Жаманбаева брифинг барысында науқастардың жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, 82 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, 26 науқас орташа ауырлықта болса, 3 емделушінің жағдайы қалыпты ауыр деп бағалануда. Ал 16 адам аурудан жазылып шыққан.
Қазіргі таңда Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу, Түпқараған, Маңғыстау аудандарында инфекциялық бөлімдер ашылды. Провизорлық стационарлар барлық елді мекендерде ашылды. Соның ішінде, барлық медициналық ұйымдарда провизорлық фильтрлер ашылды. Сондай-ақ обсервациялық, карантиндік стационарлар ашылды.
Коронавирус індетін жұқтырған науқастар арасындағы бала саны 29-ға жетті.
КВИ індеті бойынша қызметке жұмылдырылған медициналық қызметкерлерге жағдай жасау үшін, сонымен қатар медициналық қызметкерлердің отбасы мүшелерімен байланыста болмауын қамтамасыз ету мақсатында, медқызметкерлер қонақ үйлермен және тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
«СОVID-19 короновирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі № 28/2020 бұйрығына сәйкес, республикалық бюджеттен СОVID-19 індетімен күресу шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлері мен тәуекел топтарының жалақыларына үстемақы тағайындалды:
1 айға (наурыз) - 354 қызметкерге берілді;
2 айға (сәуір) - 1101 қызметкерге беріледі.
Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен қосымша жергілікті бюджеттен облыстық жедел жәрдем станция қызметкерлеріне сәуір айында бірреттік екі айлық үстемақы төленді.