Маңғыстау облысында 1096 мұғалім мен 548 оқушыға мектеп компьютері уақытша пайдалануға берілді. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Қашықтан оқыту үшін оқушылар мен мұғалімдерге техникалық құрылғылар (компьютер, ноутбук, планшет, ұялы телефон) жеткіліксіз. Бүгінгі таңда аймақтағы 6706 оқушыға электрондық құрылғы жетіспейді. Мәселені шешу үшін мектептер өз баланстарындағы құрылғыларды уақытша пайдалануға беріп жатыр. Бұл жұмыс 6 сәуірге дейін жалғасады», - дейді Асқар Сейдалиев.
Еске салайық, 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшеді. Ал бүгін, 2 сәуір күні республикалық ата-ана жиналысы өткізіледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА