Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Мектептерге қарағанда колледждер мен ЖОО қашықтан оқытуға дайындық деңгейі жоғары, себебі оларда бұрыннан да осы оқыту түрі қолданылады. Дей тұрғанмен, олардағы сабақтардың уақытылы кестеге сәйкес өтуіне басқарма тарапынан күнделікті мониторинг жүргізілуде. Күндізгі бөлімде оқитын 12 404 студент қашықтан оқытылады", деді А. Сейдалиев.
Сонымен қатар ол 30 наурыздан бастап оқу процесіне сырттай бөлім студенттері қосылатынын да айтып өтті. Оның ішінде, 23 колледж EDUS платформасы, «Мейірбике» колледжі MEIRBIKE платформасы және Ш. Есенов атындағы университеті жанындағы көп салалы колледжі “Lessons.yu.edu.kz” арқылы оқытылуда және оларға 1 157 педагог тартылған.
Ал алыстағы ауылдық жерлерде тұратын 54 студенттің 31-і интернет желісі жоқ ауылдарда тұрады, 23 студенттің электронды құрылғылары жоқ. Интернет желісінің болмауына байланысты олар аптасына 3 рет туысқандарының үйіне барып үй тапсырмаларын орындайды.