31 наурыз күні Білім және ғылым министрінің «Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында, COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» №121 бұйрығы шыққан болатын.
Бұйрықта балабақшалар, мектептер, қосымша білім беру, арнайы білім беру, колледждерде қашықтықтан оқытудың әдістемелік ұсынымдар берілген.
Бұйрыққа сәйкес Білім министрлігі оқушыларды 4 бағытта оқытуды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Оның біріншісі, «EL ARNA», «Balapan» телеарналары арқылы қазақ және орыс тілдерінде трансляциялар жіберу. Күніне 8 сағатты қамтитын түсілімдерден тұрады, жалпы төртінші тоқсанға 3300 сағаттық түсірілімдер әзірленеді.
Екінші бағыт - «Қазақ радиосы» арнасы арқылы кесте бойынша сабақтар.
Үшіншіден, шалғай елді-мекендерде тұратын оқушылар үшін оқу материалдарының сілтемелері білім алушының мекенжайына жақын орналасқан Қазпошта бөліміне жолданады.
Ал төртінші бағыт және негізгі бағыт бұл арнайы әзірленген интернет платформалар.
Қазіргі таңда цифрлық ресурстарда сабақтар әзірленді. Енді ұстаздардың осы платформалармен жұмыс жасауы маңызды.
Кеше сынама сабақтар өткізілді. Ал бүгін, 2 сәуірде электрондық платформаларда республикалық ата-аналар жиналысы өтеді. Ол жерде ата-аналарға балалармен жұмысты қалай ұйымдастыру мен қалай сабақтарға қосылу керектігі түсіндіріледі.
Сонымен қатар 3 сәуір күні сынып сағаттары жүргізіледі, бұл жерде де қашықтықтан сабақ оқудың ерекшеліктері түсіндіріледі.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының ақпараты