Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясына шақырту саны артқан, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аға фельдшер Фатима Қанатбаеваның айтуынша, тұрғындар сәл қызулағанға да "103" қызметіне телефон шалуды көбейткен. Жедел жәрдем қызметіне бұрын тәулігіне 600-ге жуық шақырту түссе, бүгінде орталықтандырылған диспетчерлік бөліміне 900-ден астам шақырту түседі.
"Халықты түсіністікпен қарауға шақырамыз. Бізде шақыртудың үш санаты болады. Біріншісінде жедел жәрдем бригадасы 10 минутта жетуі тиіс. Мүмкіндігінше уақытынан бұрын баруға тырысамыз. Алайда кейде кешігетініміз рас, оның бірнеше себебі бар. Көбіне жолда кептеліс көп болады, маман тапшылығы да қиындық туғызып отыр. Қазіргі жағдайға байланысты медицина қызметкерлеріне құрметтің артқанын байқадық, жаны жомарт жандар ыстық тамақпен қамтамасыз етуді жауапкершілігіне алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосымша жалақы қарастыру жөніндегі шешіміне дән риазмыз. Бірақ бізге алдымен жалақы емес, еліміздің тұрғындарының денсаулығы маңыздырақ. Өзіміз таңдаған мамандық болған соң, шын ынта жігерімізбен жұмыс істеуде аянып қалмаймыз", - дейді Фатима Қанатбаева.
Мамандардың айтуынша, жедел жәрдем бригадасын тасымалдаушы темір тұлпарлар тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн тынымсыз жолдарда жүргендіктен жиі істен шығып қалады.