Ақтаудағы «Жастар» орталығында биылғы еріктілер жылының маңыздылығына арналған ауқымды жиын болып өтті. Облыстағы университет пен колледждер студенттері шақырылған шараға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов қатысып, еріктілердің ерен еңбегі, мейірімділік пен имандылық жайында ашық сұхбат жүргізді.
Жоғары және орта техникалық кәсіптік оқу орындарының 200-ден астам студенті мен Ақтау қаласындағы қоғамдық дамыту орталығының жанынан құрылған «Ақ қала» еріктілері шара барысында облыстың бас имамына көкейдегі сауалдарын айтып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Еріктілердің ісі – бұл нағыз мейірімділіктің өзі. Қазақта үш жақсының бірі деп – мейірімді адамды атайтын болған. Жақсы адам адам мен табиғатқа мейірімін төгеді. Екі дүниенің сұлтаны болған Мұхаммад Мұстафа пайғамбарымыздың Құран Кәрімде баяндалған өнегелі қасиеттерінің бірі-мейірімділігі. «Тәубе» сүресінің 128-аятында «Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келді. Сендерді өте жақсы көреді. Мұсылмандардың бәріне тегіс мейірімді әрі рақымды» делінсе, келесі бір сүреде «Өзіңе ерген мұсылмандарға мейірім құшағын аш» делінген.Қоғамда еріктілер ісі қаншалықты маңызды болса, исламда мейірімділік ең ізгі қасиет саналады. Олай болса, еріктілердің ерен еңбегі бүгінгі күнде өте өзекті және зор құрметке ие, - дейді Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.
Қайырымдылық жасау қазаққа жат емес, қанында бар дүние. Бұл-көмекті қажет етушілерге деген сүйіспеншілік пен нақты көмек.Сондай-ақ, қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Биыл облысымызда еріктілердің қатысуымен бірқатар шаралар ұйымдастырылып, ізгі істер қолға алынады деп жоспарланып отыр. Әнуар Ізімбайұлы жастардың жарыса қойған сұрақтарына жауап беріп, барлық бастамаларды қолдайтындығын айтты.
Анар ШАМШАДИНОВА