Еріктілер дегенде, көпшілігіміз аз қамтылған отбасылар мен мүгектерге, жетім балалар мен қарттар үйіндегі қарияларға көмек қол ұшын созып, біріне баспана салып берсе, біріне азық-түлік пен керек-жарағын алып беріп жүрген азаматтарды елестетеміз. Алайда, еріктілердің атқаратын шаруасы тек бұлар ғана емес. Еріктілердің қамтымайтын саласы жоқтың қасы. Мәселен, өз еркімен іске кіріскен адам түрлі апаттардың алдын алуға да көмектесе алады.
Жақында ҚР Ішкі істер министрі бекіткен «Волонтерлердің және волонтерлік ұйымдардың ішкі істер органдары өткізетін іс-шараларға қатысуы жөніндегі жол картасын» жүзеге асыру аясында Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары М.Мұханов пен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ректорының міндетін атқарушы Е.Нұрмағанбет qazvolonter.kz бірыңғай платформасына еріктілер болып тіркелген студенттермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған бірлескен іс-шаралар пысықталды. Сондай-ақ университет басшылығы мен еріктілерге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде жасақталған еріктілердің арнайы киімдерінің эскизі таныстырылып, «Дәрмен» бағдарламасының мүмкіндігі көрсетіліп, қолдануға бағдар-бағдар берілді. Шара соңында екі жақты меморандумға қол қойылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА