© фото tengrinews.kz
Қарашаның 10-ы күні Астанада тасталған жеребе нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың теледебатта сөз сөйлеу кезектілігі анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Салтанат Тұрсынбекованың сайлауалды штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына үміткер алты кандидаттың штаб басшылары қатысты. Жеребе қорытындысына сәйкес "Қазақ аналары— дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркелген құқық қорғаушы әрі қоғам қайраткері Салтанат Тұрсынбекова теледебатқа бесінші болып түсетіндігі анықталды.
Пікірсайыс 2022 жылдың 11 қарашасында өтеді және сағат 20:00-де "Хабар" телеарнасынан көрсетіледі. Кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынады, бір-біріне сұрақтар қояды, сондай-ақ қазақстандықтардың сұрақтарына жауап береді. Үміткерлерге сұрақ қойғысы келетін азаматтар шарашаның 10-ына дейін телеарнаның арнайы электрондық мекен-жайына ұзақтығы бір минуттан аспайтын бейнежазба жолдауы тиіс еді. Естеріңізге сала кетейік, елімізде кезектен тыс президенттік сайлау 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді.
Қазақстан сайлаушыларының тізіліміне белсенді сайлау құқығы бар 11 миллион 800 мың азамат енгізілген. Маңғыстау облысында бүгінгі таңда сайлаушылар саны 411 мыңнан асады. Қазір облыста алдағы сайлауды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ететін бір облыстық, екі қалалық және бес аудандық сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Әр учаскеде осы учаскеде тіркелмеген адамдардың сайлау учаскелерін анықтау үшін екі сервистік орталық жұмыс істейді. Бұдан басқа, бес сайлау учаскесінде тіркелмеген адамдарды уақытша тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жұмыс істейтін болады.
Сайлауалды үгіт-насихат науқаны қазанның 21-і күні сағат 18:00-де басталып, 2022 жылдың 19-қарашасында сағат 00:00-де аяқталады. Содан кейін тыныштық күні жарияланып, қарашаның 20-сы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-де республика бойынша сайлау учаскелері ашылады. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20: 00 - ге дейін жалғасады. Сайлау нәтижелері 27 қарашадан кешіктірілмей жарияланады.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне алты кандидатты тіркеді.