Қазақстандықтар zaimer.kz микроқаржы ұйымының дерекқорынан жеке деректерінің шығып кеткені туралы хабарламалар алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Сіздің жеке деректеріңіз zaimer.kz тұтынушылар базасында! Сіздің жеке деректерді қорғау туралы заңнаманың бұзылғаны туралы ҚР МКҚК Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне шағымдануға құқығыңыз бар», - делінген Egov мобильді қосымшасындағы хабарламада.
Желіге барлығы 2 миллионнан астам қазақстандықтың деректері тарап кеткен. Олардың барлығы zaimer.kz сайтының клиенттері.
Компанияның өзі бұл оқиғаны толық растамайды. Instagram қолданушылары өздерінің наразылықтарын білдіріп, сотқа береміз деп шағымданып жатыр.
Бұл ретте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деректердің тарап кеткені 79 және 641-баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікке және 147-бапқа сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Ведомства «Қазақстандықтардың жеке деректері тарап кеткен деректер базасының операторларына жоспардан тыс тексеру жүргізу жоспарлануда», - деп хабарлады.