ҚР Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы бұйрықтың жобасын дайындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Соған сәйкес шекті көтерме бағалар орта есеппен 15 пайызға өседі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тауарлық газдың орташа бөлшек сауда бағасы тұрғындар үшін 22,06 теңге/м3 құрайды. Тауарлық газға тұрғындарға арналған шекті көтерме бағалар 15%-ға өскен кезде Қазақстандағы бөлшек сауда бағалар өңірге байланысты 1,1-ден 3,87 теңге/м3-ге дейін (ҚҚС-ты есептемегенде) өседі, орташа өсім шамамен 2,7 теңге/м3 құрамақ.
Тауарлық газға шекті көтерме бағалардың өсуі тауарлық газды жеткізу құнының өсуіне, тауарлық газ өндірісінің 2019 жылы 33,1 млрд м3-тен 2022 жылы 27,8 млрд м3-ке дейін төмендеуіне және ішкі нарықта тауарлық газды тұтынудың 2019 жылы 15 млрд м3-тен 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19,3 млрд м3-ке дейін өсуіне байланысты болып отыр.
Бұйрықтың жобасы Қазақстан Республикасының өңірлерін газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жылдарға бөле отырып, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2028 жылғы 30 маусымды қоса алған кезеңге ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеуді көздейді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шекті көтерме бағалардың өсуі бір күнтізбелік жыл ішінде 15%-дан аспауға тиіс.
Құжат «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 20-бабының 3-тармағына сәйкес 15 мамырдан кешіктірілмей бекітіледі.