Арыс қаласындағы жарылыстан 11 адам зардап шегіп, Шымкенттегі ауруханаға түсті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Қалалық клиникалық ауруханаға 11 адам түскен. Оның 6-уы түрлі дене жарақатын алған, қалғандарын дәрігерлер тексеріп жатыр. Олардың арасында аналар мен балалар бар. Басқа мәліметтер қосымша хабарланатын болады», - дейді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Мамырова. Сондай-ақ, Арыстағы жарылыс аумағында қалып қойған 34 адам шығарылды. «Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан 34 адам апат аумағынан жедел жәрдеммен тасымалданған. Олар ауруханаға жатқан жоқ. Қауіпсіз аумақтарға жеткізілді», - делінген Қоғамдық денсаулық сақтау депертаменті таратқан хабарламада. Ал, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласындағы жарылысқа қатысты жағдайды түсіндірді. «Әскери бөлімде жарылыс болды. Сағат 09.20 кезінде хабарлама түсіп, төтенше жағдай жарияланды. Жақында орналасқан барлық аудандар мен елдімекендер жұмылдырылды. Қазір оқиғаның ауқымына баға бере отырып, қаланы толығымен эвакуациялау керектігін ұқтық. Сондықтан, барлық бағыт бойынша көліктер легі өтеді. Көліктер адамдарды тиеп алып, арнайы лагерьлерге орналастыратын болады. Барлық аудан әкімдері лагерьлерді ұйымдастыруды қолға алып, келгендердің тізімін жасауы керек. Әрбір әкімге тапсырма: келгендердің бәрін үйге немесе қонақүйге орналастыру керек. Әрбір лагерьді аудан әкімдері басқарады. Қазір эвакуция мәселесі бар. Біз сонымен айналысып жатырмыз», - деді Өмірзақ Шөкеев. Еске салсақ, бүгін Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында сағат 9.20-да жарылыс болды.