Нұр-Сұлтанда «Ұлы дала» ІV гуманитарлық ғылымдар форумы басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Шараға «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» тақырыбына арналып отыр. Форумда қазақстандық ғалымдармен бірге Еуропа, Азия мен Америка құрлығының 21 елінен 250-ге жуық танымал ғалымдар мен белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері қатысуда. Жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларға құттықтау хатын оқып берді. «Ұлы дала - Еуразия кеңістігін мыңдаған жылдар бойы мекендеген халықтардың тарихи шежіресінің куәсі. Батыс пен Шығыс өркениеттерін тоғыстыратын үндестік пен үйлесімнің бесігі. Ұлы дала кеңістігінде өркениеттің гүлі ерте бүршік жарып, заманалар бедеріне, күллі жаһанның игілігіне айналған құндылықтар толассыз жаңғырып отырған. Сондықтан, бүгінгі форумда талқыланатын тақырыптардың ауқымы кең, мағынасы терең, болашақ ұрпақ үшін тағылымы боларына кәміл сенемін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған адамзаттың рухани кемелденуіне тың серпін беретін құндылықтарды зерделеуге, жаңаша пайымдауға бүгінгі форум зор мүмкіндік берері сөзсіз. Жаһандық сын-қатерлер мен қазіргі заманның күрделі үдерістерін парасатпен жеңуге, кемелдік пен мейірбандықты дәріптеуге гуманитарлық саланың қосатын үлесі шексіз. Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен дәстүрге айналған бұл форум ғылыми интеграцияға тың серпін береді. Ашық пікір алмасулар мен салиқалы сараптамалар түркітану ғылымына зор үлес қосады деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін», - делінген Президенттің құттықтауында. Форумға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Моңғолияның Тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбат, Әзербайжан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Республикасы Президентінің көмекшісі Султан Раев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов қатысуда. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Түркі әлемінің генезисі, түркі өркениеті, Еуразия кеңістігіндегі ұлы даладағы түркі халықтарының адамзат өркениетіне қосқан үлесі, алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, темірді игергені жайлы жазылған болатын. Арнайы жины өткізу жөнінде тапсырма болған. Сондықтан, біз биылғы форумды осы тақырыпты талқылауға арнап, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деп атап отырмыз», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі. Форум «Түркі мемлекеттігінің қалыптасу мен даму тарихы», «Ұлы дала өркениеті және әлемдік мәдениетке қосқан үлесі», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелер», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түркітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер» және Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері» атты 6 тақырыптық секцияға бөлінген.