Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбалта-2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына барды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Мемлекет басшысына «Айбалта-2019» командалық-штабтық оқу-жаттығуының негізгі кезеңдері мен міндеттері туралы баяндалды. Оқу-жаттығу барысында шартты қарсыласты жою кезіндегі Қарулы Күштердің мүмкіндіктері көрсетілді. Қазақстан Президенті командалық пунктке барып, әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін, инфрақұрылымдық нысандарды, соның ішінде модульді жылжымалы госпитальді, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, пилотсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралап көрді. Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилерді оқу-жаттығуды табысты аяқтауымен, сондай-ақ, алдағы Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. – Қарулы Күштердің басты міндеті – Тәуелсіздік пен ел аумағының тұтастығын қорғау. Мемлекеттің сенімді қалқаны әрі тірегі саналатын Қазақстан армиясы – күшті әрі мобильді. Бүгін сіздер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қуатын көрсеттіңіздер. Әскери бөлімшелер кәсіби дағдылары мен жауынгерлік рухын іс жүзінде дәлелдеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы далаға тігілген әскери лагерьге барып, «солдат ботқасынан» дәм татты, қатардағы сарбаздармен әңгімелесті.