Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екі жақты қарым-қатынастардың оң қарқынмен дамып келе жатқанын ерекше атап өтті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
– Бүгінде өзара қарым-қатынастарымыз жоғары деңгейде. Біз Шавкат Мирзиёевпен жылына бірнеше рет кездесіп, экономикалық және саяси ынтымақтастық саласындағы өзекті мәселелердің бәрін талқылап келеміз. Қабылданған құжаттар мен қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісінде екі мемлекеттің парламенттері маңызды рөл атқарады, – деді Қазақстан Президенті.
Нурдинжон Исмоилов Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізіп, екі ел парламенттері арасында өткен келіссөздердің нәтижелері жөнінде айтты.
– Шын мәнінде, соңғы уақытта Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейге жетті. Бұған, ең алдымен, Өзбекстан мен Қазақстан байланысының жаңа кезеңіне жол ашқан екі мемлекеттің президенттері арасындағы достық қарым-қатынастардың арқасында қол жеткізілді. Сіздер халықтарымыздың ынтымақ пен келісім аясында бірлесе өмір сүрсек деген ой-ниетін жүзеге асырдыңыздар. Сол үшін Сіздерге зор алғыс айтамыз, – деді Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының спикері.