©
Жыл басынан бері республика бойынша түрлі деңгейдегі 31 әкім мен олардың орынбасарлары (1 - облыс, 4 - қала, 5 - аудан және 21-і - ауыл) пара алғаны үшін жауапқа тартылған. Олардың 12-сі сотталған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Закон.кз сайты хабарлады.
Қарағанды облысы Сәтпаев қаласы әкімінің орынбасары қаладағы екі жатақхананың құрылысы кезінде орындалған жұмыстар актісіне қол қою үшін жеке ұйымның бірінің өкілінен 100 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Кінәсін мойындауына байланысты әкімнің орынбасары қамауға алынбаған.
Целиноград ауданының бұрынғы әкіміне қатысты аудандағы 50 га жерді ЖШС-нің меншігіне сатып алу арқылы құқық беру туралы заңсыз қаулыға қол қойып, өз лауазымдық міндетіне селсоқтық танытты деген дерекпен тергеу басталған.
Павлодар облысында Ақсай қаласы Қалқаман ауылдық округінің әкімі бас маманмен бірігіп, әкімдік ғимаратына төлем терминалдарын қою бойынша шарт жасасу кезінде 50 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Алматы облысы Байсерке ауылдық округі әкімінің бұрынғы орынбасары облыс тұрғындарының біріне көлік тұрағына арналған жерді заңсыз беріп, қызметін асыра пайдаланды, сол арқылы мемлекетке 496 мың теңге шығын келтірді деген күдік бар.
Бұл деректердің барлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде.
Сонымен қатар Атырау облысында аудан әкімі мен құрылыс бөлімінің басшысы бопсалап пара алғаны үшін сотталды. Олар мердігер компаниядан 500 мың теңге бопсалаған. Екеуі де кінәлі деп танылып, әкімнің орынбасары 7 жылға бас бостандығынан айырылса, құрылыс бөлімінің басшысына 35 миллион теңге айыппұл төлемек.
Кәсіпкерден 300 мың теңге пара алғаны үшін Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі сотты болып, 23,4 млн.теңге айыппұл төледі.
«Балапан» бағдарламасы бойынша қаржыландыру мәселесіне оң шешім шығарғаны үшін ЖШС құрылтайшысынан 200 мың теңге пара алған Жетісай қаласының әкімі 12 млн теңге айыппұл төлейді.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қосшы ауылдық окургінің әкімі де сотты болып, 8,8 млн теңге айыппұл төледі. Ол Астана қаласында ЖШС директорынан аумақты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жер телімін бергені үшін 3 млн теңге пара алған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет сайттың архивінен