©
8 тамыз күні әлеуметтік желілерде өздерін ЦАРКА деп атайтын Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы Қазақстанда жиі қолданылатын Documentolog құжат айналымы жүйесінде осалдықтың бар екенін жазған болатын.
Орталықтың мамандары Documentolog-тағы қателік осы жүйені қолданатын барлық ұйымның хаттарын көруге мүмкіндік беретінін айтты. Тіпті жүйені әзірлеуші компанияның әкімшісі құжаттар орналасқан бұлттағы басқа құжаттарды да көре алатынын мәлімдеді.
Орталықтың айтуынша, бұл құжат алмасу жүйесін елдегі Самұрық-Қазына, Самұрық энерго, Қазатомпром, «Зерде» холдингі, Азаматтарға арналған үкімет, «Бәйтерек» холдингі, «Даму» қоры, «Атамекен» ҰКП, Тұрғын үй жинақ банкі, Қазақстандық ипотекалық компания, «Болашақ» қоры, KASE қор биржасы, Қазконтент, "Қазагро" холдингі сияқты ірі компаниялар қолданады.
«Клиенттердің толық тізімі белгісіз, біздің есептеуімізше, 200-ге жуық ұйым бар... Мемлекеттік құпиялар жария болмады деген үміттіміз», - делінген болатын жазбада.
Ал Documentolog жүйесінің иелері ЦАРКА-ның олардын бұзып кіргенін және бұл әрекет қылмыстық бапқа жатқызылатынын мәлімдеді.
Артынша ЦАРКА-ның бұл жазбасы алынып тасталып, Documentolog пен ЦАРКА басшылығы бірлесе жан-жақты зерттеу жүргізетінін мәлімдеді.
Бүгін «Documentolog» ЖШС мен «Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы» (ЦАРКА) ЗТБ біріккен мәлімдеме жасады.
Мәлімдеде «Documentolog» ЖШС адами фактордың және сервердегі қателіктердің әсерінен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде кемшіліктердің болғанын мойындаған. Компания кемшіліктердің бірден жойылғанын хабарлады. Ал ЦАРКА серіктестің алдында желідегі жазбасынан келуі мүмкін зардап үшін кешірім сұрады. Сөйтіп екі тарап бірігіп «Атамекен» ҰКП алаңында ақпараттық қауіпсіздік мәселесін талқылайтын болып келісті.
Сондай-ақ мәлімдемеде электронды жүйе клиентінің бағдарлама әзірлеушісіне қояр талабы жоқ екені, қауіпсіздік шараларына қанағаттанатыны жазылған.
Дегенмен, «Documentolog» ЖШС заңнамада қарастырылмаса да қазақстандық және халықаралық талаптарға сәйкес ақпараттық қауіпсіздік аудитінен өтуге бел байлаған, әрі мәлімдеменің көшірмесі ҚР Қауіпсіздік кеңесіне жолданбақ.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет сайттың архивінен