©
Астанада бір тәуліктен аз уақыттың ішінде жаңбырдың айлық мөлшері жауды. Көшелердегі суды жинап алу үшін 11 тазарту құрылғысы, 2 су сорғыш, 11-ге жуық насостық станция, 110 ассенизаторлық машина және басқа да техникалар жұмылдырылды. Сағатына 50 мың шаршы метр су айдап қотарылған, - деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы жағдайға қатысты twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл жағдайдың Астананың халықаралық беделіне нұқсан келтіретінін жазды.
«Президенттің тапсырмасына қарамастан, Астана қатты жаңбыр мен табиғаттың басқа да құбылыстарына әлі де дайын емес. Астананың тұрғындары да зардап шегуде, оның халықаралық беделіне де нұқсан келуде. Бұл мәселені елорданың 20-жылдығына дейін дейін шешуге болар еді. Сенаторлар шұғыл шара қабылдауды талап ететін болады», - деді Қ.Тоқаев.
Айта кетелік, Астанада ауа райы әлі де жауын-шашынды болып тұр. Астана қалалық әкімдігінің хабарлауынша, коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. 21 тамыз түнгі уақыттан 22 тамызға қараған күні қала көшелерінде 140 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Басты сурет 24.кз сайтынан