ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы танымал әншілердің магистратура мен докторантурада оқуы туралы сын-пікірлерге жауап берді.
«Мен жақында Қайрат Нұртас, Мейрамбек Беспаев магистураны оқып бітіргені жайында мақала оқыдым. «Олар не үшін оқып жүр?» деген сыни пікірлерді көзім шалды. Негізі бұл - өте қуанышты жағдай. Шығармашылық адамдар үнемі білімге құштар болып келеді. Мысалы, Сәкен Майғазиев Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының докторантурасында оқып жүр. Бұл оңай шаруа емес», - деді А.Мұхамедиұлы Астанада «Бастау» домбырашылар тобымен кездесуінде.
Министрдің айтуынша, бұл жерде өнер адамдарының білім алуға деген құлшыныстары маңызды.
«Бізде оқуын жалғастырып жүрген өнер адамдарының ішкі негізі қалыптасқан. Мәселен, Мейрамбаек Беспаев Күләш Бәйсейітова атындағы музыкалық мектепті аяқтаған. Т. Жүргенов атындағы академияда оқыған. Кейінірек, ол Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасын бітірді. Ал Қайрат Нұртас Алматыда эстрадалық цирк колледжінде танымал педагог Лаки Кесоглудан дәріс алған. Астанаға қоныс аударып, Еуразия Ұлттық университетінде магистратурада оқыды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Себебі, бұл шығармашылық адамдарының білімге деген құштарлығын, алға ұмтылысын білдіреді. Әйтпесе олар «Өмірім онсыз да жақсы ғой. Оқудың не қажеті бар» деп айта алар еді ғой. Осы орайда, интеллектуалды шығармашылық ортамыздың барын мақтан тұтуымыз керек», - деді министр.
Айта кетейік, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Мырзантай Жақып Фейсбуктегі парақшасында әнші және тележұлдыздардың ұлттық университеттердің магистратуралары мен PhD докторантураларына мемлекеттік білім гранттары бойынша оқуға түсіп жатқанын сынға алған еді. Оған «Мәдениеттану» мамандығы бойынша магистр дипломын қорғаған Мейрамбек Бесбаев жауап берді.
ҚазАқпарат агенттігіне жолдаған пікірінде Мырзантай Жақып той-томалақтардан көп қаржы табатын әншілер мен тележұлдыздардың ЖОО магистратуралары мен PhD докторантураларында өз қаражаттарына оқуын, шын дарынды жастарға арналған мемлекеттік білім гранттарына таласпауын жазды.