Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар кейбір өңірде мүлдем қолға алынбаған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз соңғы айларда көп өңірлерге ескерту жасадық. Көріп отырмыз, жарты жылдың қорытындысы бойынша әсіресе соңғы айда үлкен өзгерістер болды. Соған қарамастан мысалы үй құрылысына келетін болсақ көпқабатты үйлерді пайдалуға беру Алматы облысында - 20, Атырау облысында - 45, Жамбыл облысында - 35, Түркістан облысында - 30, Алматы қаласында 56 пайызды құрайды. Қызылорда облысында бірде-бір үй жоқ. Жарты жыл өтті, сол 20-30 пайыздың соңында жүрміз», - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-Министр Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында көтерілген студенттерді жатақханамен қамту тапсырмасын орындауда да кемшіліктер орын алып жатқанын баса айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңа бағыт: әлеуметтік кәсіпкерлік«Қажетті қаржы берілген, жұмыстың барлығы атқарылды деп баяндап отырсыздар. Ал Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына кіретін жатақхана мәселесіне келетін болсақ, 8 өңірде ғана жатақхана беруге қол жеткізілген. Олар: Ақмола, Алматы, Атырау, БҚО, Қарағанды, ШҚО, Астана мен Алматы қалалары. Басқа өңірлерде бірде-бір жатақхана, бірде-бір шаршы метр пайдалануға берілмеген. Осыны ескеріңіздер», - деді Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдеріне қарата.