©
Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін сыртқы саяси оқиғаларға қатысты көптеген сауалдардың келіп түсуіне байланысты Президенттің Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы жұмыс кестесі туралы айтты. Бұл туралы Ақорданың Фейсбуктегі ресми парақшасында хабарланды.
Мәліметке сай, Мемлекет басшысы биылғы 13 наурызда Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чон Се Гюнмен кездеседі.
Ал, 14 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар аясында мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді талқылайды.
15 наурызда Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуіне қатысады. Бұл бес жақты келіссөздердің Орталық Азияның барлық елі үшін ортақ мереке - Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің маңызы зор.
Түрікменстанда жоғары деңгейдегі іс-шаралардың алдын ала жоспарлануына байланысты бұл елден Меджлис төрайымы А.Т.Нурбердыева ханым қатысады.
Сол күні Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиёевтің қатысуымен Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ, екі ел көшбасшылары өнер қайраткерлерінің гала-концертіне қатысады.
Сондай-ақ, 16 наурызда Мемлекет басшысы Сирия жөніндегі Астана процесіне кепіл болатын министрлік деңгейіндегі бірінші кездесуге қатысушылар - Ресей, Түркия және Иран сыртқы істер министрлерімен жүздеседі.
Дереккөз ҚазАқпарат