©
Енді ата-аналарға туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін жазып жіберу туралы sms-хабарламалар келетін болады, - деп хабарлады Бақ.кз Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет алу үшін қазақстандықтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруы міндет емес. Бұл жөнінде бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында сөйлеген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты. «Мемлекеттік қызметтерді адамның өзі қатысуынсыз, толықтай электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету саласында бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді, атап айтсақ тіркелген жеріне немесе тұратын жеріне байлау, «цонға» міндетті түрде бару, бір қызметті алу үшін бірнеше мемлекеттік органға бару сияқты мәселелер шешіледі» деді Дәурен Абаев. Министр жаңа принципті нақты мысалмен түсіндірді. Енді ата-аналарға баланың аты-жөнін жазып жіберу туралы sms-хабарламалар келетін болады, осылайша туу туралы куәлік, жәрдемақыға арналған нөмір, балабақшаға кезекке тұруға керек мекенжай деректері дайын болады. «Өтініш берушіге мемлекеттік корпорацияда қызметтің нәтижесін алу немесе қызмет нәтижесін үйге жеткізуге тапсырып беру ғана қалады. Осы принципті зейнетақы беру саласында қолдану да жоспарланып отыр» деді Дәурен Абаев. Сонымен қатар министр Астанада операторлардың қатысуынсыз мемлекетік қызметтер көрсететін "ЦОН" ашылатыны туралы айтқан болатын.