Биыл жыл басынан еліміздің оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің «Bala Qorgau» телеграм-ботына 500-ге жуық өтініш келіп түсті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сұрақтардың басым бөлігі отбасындағы жанжалдарға, балалар мен педагогтер арасындағы қарым-қатынасқа, сондай-ақ жәбірлеуге қатысты болып отыр.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті әрбір өтінішке баса ден қойып, әрбір мәселені толық шешілгенге дейін мұқият қадағалайды. Барлық сұраныстар тәулік бойы өңделеді. Ата-аналар мен балалардың құқықтық және психологиялық көмекке мұқтаж екені байқалады. Балаларға психологиялық қолдау шұғыл түрде қажет екені анық. Көптеген жұмыс басты ата-аналар балаларына жеткілікті түрде уақыт пен көңіл бөлмейтіні анық. Осыған орай Комитет ата-аналарды балалармен тығыз қарым-қатынас құрып, барынша көп уақыт бөлуге шақырады. Бұл қайғылы жағдай мен оқыс оқиғалардың алдын алу үшін маңызды», - деді балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кететін жайт, аталған бағыттағы жұмыс алдағы жылы да жалғасын таппақ. Қазіргі уақытта әр бала «Bala Qorgau» чатына жүгіне алады. Оның QR-коды барлық білім беру ұйымдарында орналастырылған. Бұл ресурс мектепте, үйде және көшеде қиындықтарға тап болған оқушылар мен олардың ата-аналарына көмектесуге бағытталған.