© Сайт архивінен
Парламент Сенатының пленарлық отырысында Маңғыстау облысынан сайланған Бекбол Орынбасаров елдегі лифт және газ шаруашылығындағы өзекті мәселерді қозғап, Үкімет басшысы Әлихан Смайловқа бірқатар ұсыныс айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, елдегі лифттердің тозығы жеткен. Соған қарамастан жергілікті атқарушы, орталық мемлекеттік билік органдары арасында газ және лифт шаруашылығы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құжаттар реттелмеген. Бұл ретте сенатор Бекбол Орынбасаров лифтің қауіпсіздік жұмысын қауіпті көтергіш механизмі ретінде танып, Төтенше жағдайлар министрлігінің құзіретіне беруді ұсынды.
«Жедел сатылар бойынша өндірісте пайдаланатын жүк көтергіш механизмдері, автокран, мұнаракран сияқты құрылғылардың жұмысы қауіпті болғандықтан ТЖ министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің қадағалауына алынған. Алайда комитет 2020 жылы көпқабатты тұрғын үйлердегі лифтті пайдалануды бақылау және қадағалау өкілеттілігін жергілікті атқарушы органдарға берді. Ал әкімдіктер болса, маңызды өкілетті тұрғын үй инспекциясына тапсырды. Қазір тұрғын үй инспекциясының қолынан келетін әрекеті тұрғындардың шағымдары бойынша объектілерге шығу немесе лифт кабинасындағы жарықты тексеру қағазын ғана толтыру. Яғни, ауқымды саланың дұрыс бақылауын қамтамасыз етуге аталған инспекцияның күші де, қаражаты да жетпейді», - дейді Бекбол Орынбасаров.
Сондай-ақ газ және газбен жабдықтау саласындағы қадағалау жұмыстары да көңіл көншітпейтінін атап өтті.
«Қазіргі таңда заңның шеңберінде жергілікті атқарушы органдар тек тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым ішінде орналасқан тұрмыстық баллондар және газ тұтынатын жүйелерге ғана бақылау жүргізеді. Алайда газбен жабдықтау жүйесіндегі магистралдық және жергілікті газ құбырларында, газ реттеу пунктері мен газ тарату станцияларында арнайы компоненттердің көмегімен модернизациялау шаралары бақылаусыз қалып отыр. Кәсіпорындар бұл жағдайдың алдын алу үшін дабыл қағатын құралмен қамтамасыз етілген. Ал қарапайым халықта мұндай құрылғы жоқ. Осы мәселелер нақты шешімін таппағаннан кейін түрлі оқыс оқиғаларға әкеп соқтыруда», - деді сенатор.
Осылайша ол Үкімет басшысы Әлихан Смайловқа газ және газбен жабдықтау саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қадағалау және бақылау функцияларына мониторинг жүргізіп, ара-жігін ажыратып, ТЖ министрлігінің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА