Масаншы ауылындағы дүнгендер мен қазақтар арасындағы тұрмыстық жанжалдың аяқ астынан ушығып, адам өліміне әкелген үлкен оқиғаға айналуы көңілімізге қаяу салды. Айрандай ұйып отырған көп ұлтты еліміздің әлем алдындағы беделіне көлеңке, дақ түсірді.
Біздің түсінігімізше дүнген ұлты диаспорасының бұзақылары жасы 80-нен асқан қазақ қариясы мен балаларын сабап, аяғын сындырғаны, оқиға орына келген тәртіп сақшыларына да бағынбай, олардың жағасына жармасып, күш көрсеткені жергілікті қазақтардың намысын қайраған.
Ұлттық намыс аса нәзік мәселе. Жағымыз талмай үнемі жырлап келе жатқан «достық, бірлік, татулық» тақырыбының кейбір жерлерде билік тарапынан да, Ассамблея тарапынан да тек қағаз жүзінде ғана қалып, өзге ұлт өкілдері шоғырланған жерлерде насихат жұмыстарының жүргізілмей, әлсіреп кеткенінің дәлелі.
Үкімет кінәлілерді тез арада тауып, істі созбай тиісті жазаларын бергені жөн.
Айтуар Өтегенов
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі