Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жансая Исмағұлова Тәуелсіздік күнін мереке ретінде тойлауға байланысты фейсбук парақшасында өз пікірін білдірді. "Менің ойымша, көбіміз еліміз тәуелсіз, еркін өмір сүру үшін аға-апаларымыз бен ата-аналарымыз қаншама тер төккенін ұмыта бастаған сияқтымыз. Себебі 16 желтоқсан күні жақындаған сайын "Бұл күнді мереке деп тойлауға болмайды" деген жазбаларды көптеп көремін. Олардың ішінде бұл "аза тұту күні, еске алу күні" дегендей жазбалармен бірге көшеге митингке шығайық деген үндеулерді де көріп жүрміз. Қай жағынан алсақ та бұл дұрыс емес деп есептеймін. Себебі егемендік үшін жан қиған апаларымыз бен ағаларымыз қазіргі жағдайды көрсе қатты қамығар еді. Бұл тек бір-екі адамның емес, еліміздің азаматтары - Біз бен Сіздің ортақ жауапкершілігіміз деп ойлаймын. Ал менен "бұл күнді мереке ретінде тойлау керек пе?" деп сұраған жанға ойланбастан "Әрине, ия!" деп жауап берер едім. Себебі еліміздің жарқын болашағы үшін жанын қиған жандарды еске алып, оларға алғыс айтудың бірден бір жолы - балаларымыз бен бауырларымыздың жарқын күлкісі мен мерекелік көңіл-күй оларға жетіп, біз үшін көрген қиындықтарының бекер еместігін жандарына жеткізу деп ойлаймын", делінген жазбада.