Жаңаөзенде тарифтер бағасы талқыланды
[ 2019 ] 29 қараша, 05:44 | Жаңалықтар
Сәрсенбі күні Жаңаөзендегі «ӨзенЖылу» мекемесінің мәжіліс залында қоғамдық тыңдау өтті. Аталған шараға Табиғи монопияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Кенжеболат Көшекбаев «Өзенэнергосервис», «Өзенинвест», «Тазалық» секілді коммуналдық кәсіпорындардың мамандары қатысты.
Жиналыста күн тәртібіндегі мәселе бойынша «ӨзенЖылу» МКК 2020-2024 жылдарға арналған негізгі қызмет түрлері бойынша тарифтердің шекті деңгейін қаралып, талқыланды. Мекеме басшысы Бақытжан Өтеғалиев баяндама жасады.
Коммуналдық жүйелерді дамыту және жаңғыртуды қаржыландыру қағидаттары бойынша басты міндет қызметтерге қойылатын баға, яғни тариф саясаты болып табылады. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің 2015 жылғы шілде айының 27-жұлдызындағы №73-НҚ және 2015 жылғы қараша айының 19-жұлдызындағы №126-НҚ бұйрықтарына сәйкес, төмендегідей тарифтерімен жұмыс атқаруда.
- Жылу энергиясын өндіру, бөлу, беру және онымен жабдықтау – 2883,43 теңге
(ҚҚС-сыз);
- Ыстық суды жеткізу, бөлу – 396,22 теңге (ҚҚС-сыз)
- Бүгінгі қоғамдық жария тыңдауда біз жоғарыда аталған тарифтердің алдағы өзгерістеріне қатысты ақпаратты жұртшылықтың назарына жеткіземіз, - деді Бақытжан Есполұлы.
Жылу энергиясын және судың барлық түрлерін өндіруде пайдалануға қажетті табиғи газ, әртүрлі материалдардың, химиялық реагенттердің жыл сайын бағасы қымбаттап жатқаны белгілі. Бүгінгі таңға дейін пайдалануға берілген өндірістік жабдықтарды ұстап тұтыну, олардың жұмысқа қабілетті жағдайын сақтау жыл сайын үлкен қаржылық салымдарды талап етеді.
Нәтижесінде өндіруден алатын өнімнің өзіндік құны да сөзсіз өсуде, бұл өз кезегінде кәсіпорын үшін аталған шығындарды қаржыландыруға қаражат алудың жалғыз көзі болып табылатын тарифті ұлғайту қажеттілігіне әкеледі және Заң бойынша өнім өндіру шығынсыз болуы тиіс. Осыған қарамастан, табиғи монополияны және бәсекелестікті қорғау органы 2015 жылы аталған қызметтерге тарифтерін өзіндік құнынан едәуір төмен бекітті. Бекітілген тариф қызмет көрсетуден кәсіпорын алатын қаражат жылу энергиясын өндіретін жабдықтарды жөндеуге және жаңартуға ғана жетеді. Осыған байланысты кәсіпорын 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде жылу мен ыстық су өндіруден 484,0 млн.теңгеге зиянды шығын шеккен.
Осы жылдар аралығында қызметтердің зиянды шығындарға ұшырауына қарамастан, кәсіпорын жылу энергиясымен ыстық суды өндіріп, тұтынушыларға жеткізу үшін табиғи ресурстарды яғни, салқын су, электр энергиясы, табиғи газды жабдықтаушы кәсіпорындардан сатып алып, өз мүмкіншілігімен бірқалыпты сапалы қызмет көрсету үшін барлық қиыншылыққа төтеп беріп, кәсіпорын өз қызметін бүгінгі күнге дейін үздіксіз атқарып келеді
«ӨзенЖылу» МКК жылу энергиясы мен ыстық суды қала тұрғындары үшін өндіретіндігі баршамызға белгілі. Кәсіпорын қызметінің бұл түрлері табиғи монополиялар туралы заңнамамен реттеледі, оcыған сәйкес өнімнің аталған түрлеріне тарифтер бес жылда бір рет бекітілiп, белгіленген мерзімі біткеннен кейін қайта қаралуға жатады. Қолданыстағы тарифтер 2015 жылы бекітілді және қазіргі уақытта олардың қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты, Заң нормаларын сақтай отырып 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №204-VІ «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 15-бап, 7-тармағына сәйкес, Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Департаментіне келесі 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі бес жыл мерзіміне арналған негізгі реттеліп көрсетілетін қызметтерге жаңа шекті деңгейлі тарифтердің жобасын қарауға өтінім берді.
Тарифтік жобалар – реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру және толықтай жұмысты атқарып, тиімділікті арттыру мақсатында ұсынылды.
Шара барысында кәсіпорынның қаржылық жағдайы өте төмен деңгейде, өндірістік қызметтерге, яғни сатып алынатын суға, табиғи газға және электр энергиясына төлем жасай алмай отырғаны да айтылды. Негізгі тұтынушылар, яғни тұрғындар коммуналдық төлемдерді уақытында төлемей отыр, жылу өткізу бөлімі өзінің мүмкіншіліктеріне қарай жұмыстар атқарып, уақытында төлеу үшін әр түрлі жұмыстар жоспарланып жүргізілуде.
Сонымен қатар, шекті деңгейлі тарифтермен бірге 2020-2024 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама жобасын ұсынды.
Кәсіпорын болашақта осы ұсынылған тариф жобасы бекітіліп, қолданысқа енгізілетін болса, мекеменің дамуына және алға қойған түрлі жобаларды іске асыруға негізгі мақсат ретінде қол жеткізеді.
Гүлсім ОСПАН
1075
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.