Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Әбіш әлемі» оқу конгресі өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Оқу конгресін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдың мерейтойына орай өткізіп отыр. Шараның мақсаты – Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын насихаттап, қазақ әдебиетінің құндылықтарын халықаралық ғылыми жүйеге сіңіру. Жазушының 80 жылдығына орай Тәуелсіздік сарайында «Әбіш әлемі» фотогалереясы қойылған. Галереядағы фотосуреттерден жазушының өмірі жайлы суреттерді тамашалауға болады. Абыздың ең жарқын сәттері бейнеленген 50-ден астам суреті тұр. Сондай-ақ, мемлекет қайраткерінің толағай тұлғасын айқындайтын әдебиеттері мен шығармашылықтың шыңына жеткен рухани мол қазынасы оқырмандардың назарына ұсынылып отыр. Көрмеде жазушы кітаптарының цифрлық көшірмелерінің QR кодтары мен жеке мұрағаттағы фотосуреттері ұсынылған. Сонымен қатар, Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан мен шет елдерден наградалар» тақырыбында жазушының шығармашылығы мен қызметінің тарихи сәттерін куәландыратын Әбіш Кекілбаевтың марапаттарын көрсету үшін орналастырып отыр. Көрме жазушының жеткен жеңістері мен жетістіктері жайлы мәлімет ұсынады. Көрмеге жазушының жетістіктерін баяндайтын 100-ден аса марапат, диплом мен алғыс хаттар қойылған. Бүгінгі әдеби кездесуге Кекілбаевтар отбасынан, атап айтқанда, жазушының жан жары Клара Жұмабайқызы, ұлы Дәулет Кекілбаев, қыздары Зәузат пен Сәуле Кекілбаевалар, немересі Абыл Кекілбаев пен шөбересі Әділ Кекілбай Абылұлы келіп отыр. Кездесу барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы жайында әңгімелер айтылады. Сондай-ақ, жазушы мен анасы Айсәуленің образдары көрсетіледі. Ауқымды шара «Шыңырау» көркем фильмімен басталды. Көрермендер алдында сөз сөйлеген фильмнің режиссері Жәнібек Жетіруов Маңғыстау жерінде жеті фильм түсіргенін еске алды. «Әбіш ағамыздың жетпіс жасы қарсаңында «Самғау» деген фильм түсірген едім. Әбіш секілді ұлы тұлғаға жақындаудың өзі қиын ғой. Бірақ, сол кісінің бауырына кіріп, жүрек сырын көрерменге жеткізу үшін біраз еңбектендік. Солайша, біз 2009 жылы 46 минуттық «Шыңырау» фильмі жарыққа шықты. Ағам көріп, ырза болып, арқама шапан жапқан болатын. Содан кейін 2014 жылы «Қазақфильм» киностудиясында кеңес болып, «Шыңырау» повесі бойынша фильм жасайық деген ұсыныс болды. Белгілі режиссер Сатыпалды Нарымбетов «бұл «Шыңырауды» тсүіреміз дегендер көп, ешқандай тісім батпады. Жастардан кім бар» деген кезде таңдау маған түскен екен. 2014 жылы тапсырманы қолыма алып, алты айдың көлемінде нұсқасын жасап, Әбіш ағама көрсетіп ем, ол маған батасын берді. Сөйтіп, сол сценарий бойынша 2018 жылдың аяғында біз киноны бітірдік. 2019 жылдан бастап фильм көрсетіле бастады. Ол Делиде, Катмандуда, Бангладеш фестивальдеріне қатысты. Қытайдың Сиаминьдегі фестивалінде «Үздік шетелдік фильм» номинациясына іліндім. Менің жетістігім – Қытайдың дестребьюторы «Шыңырауды» сатып алғалы жатыр. Сондықтан, «Шыңырау» қытайлық көрермендер үшін прокатқа шығайын деп жатыр», - деді режиссер. Оқи отырыңыз: ДСБ балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы жағдай туралы пікір білдірді Айта кетсек, Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрыңғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жаңайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген топтан. Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» — Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992–93 жылдары таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының 1995, «Отан» орденімен 1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Әбіш Кекілбайұлы 2015 жылы желтоқсанда өмірден озды.
Суреттер inform.kz алынған
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="88931,88933,88934,88929,88932,88930"]