Биыл Маңғыстау мұнайына 55 жыл. 1961 жылы қазыналы түбек қойнауынан «қара алтын» қайнарының көзі ашылса, араға он жылдан аса уақыт салып Қаламқас кен орнынан қуатты мұнай бұрқағы атқылады. Атаулы мерекеге орай Қаламқас кенорнында мұнайшылар мейрамы тойланды.
Дүбірлі думан басталысымен, «Ойл Сервис Компани» мекемесі қызметкері Әсет Нұрсебепов «Самға» әнімен сахна пердесін түріп, көрермен көңілін серпілтті. «Қаламқас» вокалды-аспапты ансамбілі «Маңғыстау», «Кел билейік», «Сыйлаймын саған» әндерін әуелетіп, тыңдарманды ерекше әсерге бөледі. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кербез көркімен еліткен Елена Әбдіхалықова елді әуезді үн, әсерлі сазымен баурады. Көңілді мереке куәсі болған еңбеккер қауымға Маңғыстау ауданының басшысы Жармағамбет Айтуаров құттықтау сөз арнады.
– Маңғыстау ауданы үшін мұнайшылардың еңбегі зор. Аудан бюджетінің қалыптасуы мен толығуына оң ықпал етуде. Мұнай саласы қызметкерлері ауданның әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне елеулі үлес қосуда. Мал өнімін өткізу біз үшін маңызды мәселенің бірі. Биыл «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-мен келіссөз нәтижесінде жергілікті «Қинах Шопан» ЖШС аталмыш мекеме 50 тонна ет өнімін тапсырды. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы қызметкерлері Маңғыстау ауданы елді мекендерінде мүжәлсіз отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуде, тазалық айлығында арнайы техникалық құрал-жабдықтармен қамтуда белсенділік танытып келеді. Алдағы уақытта кешенді жұмыстар мен игі істер атқарыла береді деген сенім мол. Қойнауына құт қонған жеріміздің ырысы мен берекесі – қара алтынымыз таусылмасын, – деген аудан басшысы бірқатар белсенді қызметкерлерге алғыс хаттар табыстады.
Мерекелік салтанатты жиында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев мұнай-газ саласы мамандарының төл мерекесімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді:
– Қаламқас кен орны - өте киелі орын. Өйткені осы маңда ашаршылық жұт жайлаған жылдары ел қамын жеген Қаламқас әулие жерленген. Қаламқас келешегі кемел кәсіпшілік. Бұл жерде жылына 4 миллион 200 текше метр мұнай өндіріледі. Үскірік аяз, аптап ыстықта аянбай тер төккен мұнайшылардың еселі еңбегіне бас иеміз. Өндірісте жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдер қолданысқа енуі нәтижесінде 53 мың тонна артық мұнай өндірілді. Қаламқас кен орнында электр қуатын үнемдеу, өндіріс өнімділігін арттыру, қызметкерлердің әлеуметтік қамту бағытында жаңа жобалар мен тың бастамалар қолға алынды. Бүгінгі мерекеде ортаны толтырып отырған Қаламқас кен орнында табанды еңбек еткен ардагерлерлерге құрметіміз шексіз.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшен мұнай саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен қызметтес әріптестеріне алғысын жеткізді . Қазақ мұнайы қазақ елінің игілігіне қызмет ететіндігін ескерген басшы үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірер, тарихын тереңнен танып, ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын халықтың болашағы жарқын екендігін тілге тиек етті. Мұнай саласы еңбеккерлері осы қарқынынан танбай, қызмет қылса, өнеркәсіптің қадамы қарышты, жұмысы табысты боларына сенім білдірді. Қос басшы ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен Ром Садуақасовты, «Самұрық Қазына» АҚ Құрмет грамотасымен Майрам Садақбаевты, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Құрмет грамотасымен Саясат Мейіровты және т.б. марапаттады.
Қаламқас кен орнында бой көтерген ақшаңқан үйлер ақмаржан Ақтаудан ат арытып жеткен ардагер ақсақалдар, құрметті қонақтарға толды. Ақ дастархан жайылып, меймандар мерекелік мәзірден дәм татты. Ақсақалдарға төрден орын беріліп, халыққа табақ тартылып, қазақы сый-сияпат көрсетілді. Домбыра көмейінен төгілген күй күмбірі киіз үйді кернеп, әсем ән әуеледі.
Ардагер-мұнайшы Көшербай Әлібаев – Маңғыстау мұнайын алғаш игергендердің бірі. Еңбек жолын 1957 жылы Қызанға жақын Имағамбет жерінде бастайды. Тағдыры «қара алтынмен» тоғысып, бар ғұмыры осы саламен біте қайнасқан абыз ардагер алғашқы еңбек жолын сағынышпен еске алады:
–1977-78 жылдары Қаламқасқа жұмыс бабымен ауыстым. Әрі құрылысшы, әрі бұрғылаушы, әрі мұнайшы ретінде еңбек еттім. Өндіріс жұмысын бастап, әрі қарай алып кету өте қиын. Кейін келе топтық қондырғылар құрыла бастады. Халық қарасы көбейді. Өндіріс басы осылайша басталды. Мұнайшы еңбегі көзге білінбейді. Білгір маман құбыр ішінде айдалған мұнай қысымын, көлемі мен құрамын құлағымен тың тыңдау арқылы біле алады. Нағыз мұнайшы болу үшін еселі еңбек, зор ықылас әрі темірдей тәртіп керек ,-дейді ардагер мұнайшы.
Қаламқас кен орнында қазіргі таңда 1560-қа жуық қызметкер еңбек етеді. Жұмыскерлер жоспарлық көрсеткіштен асыра жұмыс жасап, өнідіріс орнының еңбек өнімділігін еселей түсуде.
–Сегіз айдың көрсеткіші бойынша 2 млн 734 мың тонна мұнай өндірілді. Бұл әрине белгіленген межеден біршама артық. Мұнайды тапсыру межесі жоғары деңгейде орындалып келеді. Қаламқас кен орны қызметкерлеріне жан-жақты жағдай жасақталған. Жатақханалар қысы-жазы қатар ыстық және суық сумен жабдықталған. Мезгілді тамақтандыру ұйымдастырылған. Еңбеккерлер спортпен айналысу мүмкіндігіне ие. Қаламқас кен орнында қызмет ететін мұнайшылардың 30 пайызын жастар жағы құрайды. Бұл әрине оң үрдіс,- дейді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұрат Батыршаев.
Мұнай-газ кешені – ел экономикасы мен өнеркәсіп өркендеуінің өзегі. Алпауыт компания табысы еңбек ардагерлері мен табанды қызмет етіп жүрген, ісіне бекем, кәсібіне адал жұмыскерлердің ортақ нәтижесі. Білікті қызметкерлердің ерен еңбегі, қажырлы қайраты нәтижесінде іргелі компания ісі бүгінде ілгерілеу үстінде. Болашақта «қара алтын» селін өндіру саласындағы өркенді өзгерістер мен жаңғырулар, жасампаз істер жарасымды жалғасын таппақ.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Т. Құсайын
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="9558,9559,9562,9556,9586,9588"]