Сәнді бутиктерді жағалаған сәнқойлар атышулы шетелдік брендтерді жақсы біледі. Тіпті кейбірінің тарихын да жатқа айта жөнелетіндері бар. Мысалы, бүкіл әлемнің ерлері мен әйелдері балаларына дейін сүйсіне киетін кәдімгі джинсының сонау бір кезде қолында әкесінен қалған бір қайшысы мен бірнеше ондаған метр қатты матасы ғана бар үй-күйсіз жігіттің алтын өндіруші жұмысшыға тігіп берген жұмыс киімінен бастау алғанын әркім де білетін шығар. Одан бергі Италия, Франция, Түркия және басқа елдердің танымал брендтерін де қазақстандықтар қуана сатып алады. Ал соңғы 3-4 жылдан бері еліміздің талғампаз тұтынушыларының «Made in Kazakhstan» деп, әдемілеп жазылған тауарларды да жоғары бағалап жүргені рас. Олардың арасында тамаша брендтер де кездеседі. Әзірше айдай әлемге әйгілене қоймағанымен, талғамға сай, сапасы шетелдіктердіктерден кем түспейтіндері саусақпен санарлық болса да, бар.
Бұйырса, алдағы уақытта біздің өңірімізден де қазақстандық жаңа бренд әлемдік нарыққа ұсынылмақ. Ақтаулықтарға жаңа ғана жол тартқан Gauhar брендінің таныстырылымы Гаухар Әмірова студиясында өтті. Салтанатты жиында сөйлеген Гаухар өзінің осындай дәрежеге жетуіне себеп болып, көмектескен Татьяна Коробейникова, Нұрияш Ниязова сынды апайларына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
-Бұл тек студия ғана емес, Ақтауда бірінші ашылған үлкен шоу рум,-деді кәсіпкер қыз Гаухар Оңайбайқызы.-Біз бүкіл Қазақстан өнерін Маңғыстауға алып келіп жатырмыз. Елімізде дарынды дизайнерлер көп, солармен бірге жұмыс жасаймыз. Ал Маңғыстаудың ою-өрнектерін Қазақстанның өзге өңірлеріне, келешекте шет елдерге шығару жоспарымда бар. Әйтсе де, басты жобам—күнделікті киім үлгісіне қазақы нақыш элементтерін салу. Өзім қазақтың ою-өрнегін толық зерттесем деп едім. Зерттеп те жүрмін. Сол ою-өрнекті қазіргі заманға сай күнділікті киімге айналдыру жолындамын. Сонымен қатар біз студияда ою-өрнектердің жаңаша түрлерін ойлап табамыз және өнімдерімізді халыққа қол жетімді бағада шығармақпыз.
Гаухар жеті жыл бойы Ақтаудағы «Өрнек» сән үйінде жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған. Оған ұстаздық етіп, қолына ине ұстатып, саусағына оймақ ілдірген белгілі шебер, «Өрнектің» директоры Нұрияш Ниязова апай болатын. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, 60 жылдан бері іс тігіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан он саусағынан өнер тамған Нұрияш апамыз осы «Өрнектен» Нұржамал, Тәрбия сынды шебер қыздарды өз алдына «отау» шығарған-ды. Бүгінде маңғыстаулықтар арасында Нұржамал Нұрпейісованың «Нұр-Шахын» білмейтіні кемде кем. Енді сонау Астанада тұратын Нұрияш апай Гаухарының тұсаукесеріне арнайы ұшып келіп, аналық лебізін жеткізді.
-Осыдан жеті жыл бұрын жоғары оқу орнын бітіріп, дизайнер мамандығын алып келген Гаухарымның сол кездегі бейнесі көз алдымда. Өзім өмір бойы не білдім, ол не білгісі келді, бәрін сарқып бердім қыздарыма. Білсем, үйренсем деген шәкірттерім істі тез меңгеріп кетіп жатыр. Жастар өз жолын тауып жатса, біздің еңбегіміздің далаға кетпегені деп білемін. Гаухарға да ризамын. Менен үйреніп қана қоймай, өзі де талмай ізденіп, қазақстандық бренд жасап шығаруға талпынып тұр. Іске сәт. Еңбегің жемісті болып, еліміздің мерейін өсіруге үлес қосуыңа тілектеспін,-деп, ақ тілегін ақтарды көзіне жас іркілген Нұрияш Нұрбергенқызы.
Жиында Маңғыстау облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Сәуле Жақаева, «Актау сити» журналының бас редакторы Татьяна Коробейникова өздерінен өнеге алып, соңынан ерген жас кәсіпкерді құттықтап, игі тілек білдірді. Сондай-ақ Г.Әмірованың арнайы тіккен киімдерімен сахнаға шығып жүрген өнер иелері де Астана, Алматы қалаларынан келген екен. Олар да хас шеберге алғыс айтып, сәтті қадам тіледі.
Тұсаукесер салтанатында Гаухардың қолынан шыққан біріне бірі ұқсамайтын сәнді киімдер келушілер назарына ұсынылды.
Әлбетте, қолдан келген өнерді жандыра түсіп, оны кәдеге жаратқанға не жетсін. Кәсіпкерлік жолды таңдаған шебер қыздың талабы таудай. Дегенмен, қазақы ою-өрнектің заман талабына сай жаңа түрін ойлап табуға ниеттенген жас кәсіпкер ескіні жаңғырта жүріп, қазаққа ғана тән нақыштан айрылып қалмау жағын қатаң ескерер болса, одан ұтылмасы анық.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА