Әбіш Кекілбаев шығармашылығының республикалық фестивалі өтеді.
Қазақтың біртуар ұлы, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын насихаттау мақсатында биылдан бастап екі жылда бір рет республикалық театр фестивалі ұйымдастырылатын болады. Жазушы шығармаларының желісі бойынша алғашқы өнер мерекесі биылғы жылдың желтоқсан айында Нұрмұқан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында өтеді. Бұл туралы тілшілермен сұхбаттасқан ұжым басшысы Нұрнияз Мұқанов айтты.
Өңірімізде өтетін фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен театр ұжымдары қатысып, Әбіш Кекілбаев шығармаларынан қойылымдар көрсететін болады. Маңғыстаулық театр ұжымы жазушының «Шыңырау» повесін сахналайды. Ол үшін Саха мемлекетінен театр режиссері Сергей Потапов шақырылып, көрермендер назарына «Шыңырау» жаңашыл да заманауи қойылым ретінде ұсынылмақ.
Сергей Потапов көпшілікке танымал, талантты режиссер, өз ісінің шебері. Қазақ жерімен таныстығы бұрыннан бар, Астана қаласындағы театрлармен әріптестік байланыс орнатқан. Біз Әбіш Кекілбаевтың бірқатар шығармаларын ұсындық, ол «Шыңырауды» таңдады. Прозаны сахналау өте күрделі, қазір қызу дайындық жүруде. Жаңа қойылым көпшілік көңілінен шығады деп ойлаймын,-дейді Нұрмұқан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Г.Мерғалиева. Маңғыстау облыстық драма театры ағымдағы жылдың 12-інші қыркүйегінде өзінің 14-інші маусымын бастайды. Жаңа театрлық кезең шымылдығы «Шыңыраумен» ашылмақ. Ұжым басшылығының айтуынша, маусым барысында бірнеше жаңа қойылым қойылады. Соңғы жылдары әртістер қатары 7 маманмен толықса, 15 маңғыстаулық жас актерлік шеберлікке оқуда. Театр қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына баса көңіл бөлініп, баспанамен қамтамасыз етілген. Дегенмен, түйіні шешілмей келе жатқан мәселелер де бар.
Театр ғимараты о баста кинотеатрға лайықталынып салынған. Күні бүгінге дейін жаңа ғимарат салынар емес. Оған себеп- қаржы жоқ, инвестор жоқ. Өнер мен мәдениетке ешкім инвестор болғысы келмейді,-дейді театр директоры Н.Мұқанов. Жаңа маусым басталысымен ұжым республикалық театр фестиваліне, көп ұзамай Астана қаласында өтетін Маңғыстау облысының мәдени күндеріне қатысады. Өнер мерекелерінде ұжым «Гамлет» және «Шыңырау» қойылымдарын қояды. Ал, қыркүйек айында өңірімізге М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гастрольдік сапармен келмек. 1 апта бойы алматылық әртістер М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы, И.Сапарбайдың «Қыз мұңы», Ғ.Есімнің «Таңсұлу» лирикалық драмалары мен Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасы көпшілік назарына ұсынылады.
Анар ШАМШАДИНОВА