Дәстүрлі өнердің қаймағы саналатын қазақтың ән өнері – халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы. Ән — адамның көңіл-күйі, тебіренісі мен толғанысы, қуанышы мен жұбанышы. Ән – халықтың өмір айнасы. Қазақ елінің тұрмысы мен тарихының келбеті. Ер етігімен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен аласапыран замандарда да халқымыз ән тыңдау арқылы көңіл бірлеп, рухын көтерген. Болашақта сол байлықты жоғалтып алмауды, дәстүрлі әннің келешегі үшін алаңдаған Біржан сал, «Қорқамын, ауруымның түрі жаман, Біржанның кім ұстар деп домбырасын» деген еді. Алайда, сан ғасырлық тарихы бар ән өнері сұрапыл ғасырлар ағымының небір қатал сындарынан өтсе де, ұмыт болмады. Оның бірден-бір себебі, кезінде бұқара жұртты таң қалдырып, әсем даусымен дәстүрлі әндерді шырқаған Жеті қайқы мен Бес жүйріктен қалған мұраны насихаттап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып, сақтап қалуға талпынып жүрген дәстүрлі әннің жанашыр азаматтарының арқасы. Бүгінде, батыстың, оның ішінде Маңғыстаудың дәстүрлі әнін насихаттап, ән өнеріне теңізге құйған тамшыдай болса да үлесін тигізіп, жас та болса айналасына ән сәулесін шашып жүрген азаматтың бірі, жерлес ініміз Алпысбек Оңайбаев.
Ол 1994 жылы талай Адайдың қалқып ішер қаймағындай талай дүлдүлдердің қаны тамған Жыңғылды ауылында дүние есігін ашқан. «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» демекші осы өлкеде талай ұлт мақтаныштары туып, қанаттанып ұшқан қасиетті мекенін тарих бетіне өшпестей қып жазып қалдырды. Алпысбек сол саңлақтардың салған жолы мен қалыптастырған дәстүрін жалғап, аманатын абыройлы арқалап өту, кешегі Елбай сияқты аталарымыздың мұрасын келер ұрпаққа жеткізу үшін барынша тырысып жүрген азамат. Ол 2015 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада – цирк колледжін тәмәмдап, қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясындағы дәстүрлі ән факультетінің 2 курс студенті. Мектеп қабырғасынан бастап – ақ талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Алпысбек Жеті қайқының, Зілқараның және халық әндерін орындаудың қас шебері. Ал ұстазына келетін болсақ, қазақтың күміс көмей әнші – жыршысы, дарын сыйлығының иегері, доцент Айгүл Қосанова. Ол оқудан тыс уақытта Маңғыстаудың белгілі әнші – жыршылары Әсет Ақниязов, Ақылбек Өтешов сияқты ағаларынан дәріс алып, жаңалықтарымен бөлісіп отырады.
–Тек отбасымда ғана емес, ауылымда да әнді сүймейтін жан жоқ еді. Бала күнімде сол ауылдағы ақсақалдардың әңгімесін көп тыңдап, солардың қасынан қалмай жыр-қиссаларды, ән-термелерді қызығып жаттап жүретінмін. Ел ішінде әнші - жыршы аталарымыздың көзін көргендердің аманатын жалғаған шежірелі ақсақалдарымыздан жиын-тойларда дәстүрлі ән, халық әндерін есім кетіп тыңдайтынмын. Осындай кісілердің ойымызға еккен дәндері кейін өз жемісін бере бастағанда, теледидардан дәстүрлі әншілердің, күйшілердің өнерін, ақындар айтысын тапжылмай тамашалап отырып, осы өнерге қызығушылығым одан да арта түсті. Осы қызығушылығымды байқаған әкем мен мектеп қабырғасындағы ұстазым Алтынбек Тілегенов он жасымда домбыра алып беріп, алғаш жол көрсеткен еді. Қолдан келсе, алдыңғы ағаларымыз орындаған деңгейіне жеткізсем, және сол деңгейімде қазақтың барлық ән мектептерінің дәстүрін меңгергім келеді. Мен кейбіреулер айтып жүргеніндей дәстүрлі әнді азғантай ғана шағын топ тыңдайды дегенге келіспеймін. Қалалық жерлерде солай шығар, бірақ қаладан он шақырым ұзап шығып кез-келген ауылдық жерге барсаңыз халық әндерінің тыңдармандары өте көп. Домбыраңды шертіп бір-екі өлең айтып жіберсең кішкентай балалар үндемей тыңдап, үлкен аталарымыз батасын беріп арқаландырып, қанаттандырып жібереді. Ауылдарда қазіргі даңғырлақ музыка мен дарақы әншілерден шаршап, рухани жігер беретін дәстүрлі әнге сусап отырған ағайын өте көп. Жуырда өзімнің туған ауылым Жыңғылды мен іргелес жатқан Шайыр ауылына осы ауданнан шыққан әнші жігіттер болып «Ауылым» атты концерт берген болатынбыз. Халық көп жиналды. Бұл дегеніміз ән мұрасы өз деңгейінде насихатталып жатыр дегенді білдіреді, әншілеріміз де бел шеше еңбектенуде. Концертте өнер көрсеткені үшін әншілерге еңбекақы да төленбейді, сонда да азаматтарымыз атаның мұрасын, аманатын жалғау үшін аянып жатқан жоқ, - дейді әнші.
Дәстүрлі өнерімізде осындай намысты адамдар жүргеннен соң ақша үшін арзан дүниелерді шығара салмай, бір әнді ұзақ зерттеп, бірнеше нұсқасын тауып, ол ән жарыққа шыққан күнде елге не береді дегендей сана сүзгісінен өткізіп барып елге жеткізем деп жүргенде, біраз уақыт жағынан ұтылып қалып жатады. Бірақ, қаншама ғасыр бойы өлмей, қайта дамып, өсіп келе жатқан дәстүрлі әндеріміз ешқашан сұраныссыз қалмайды деп ойлаймын.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ