Дін адамның дүниетанымын кеңейтіп, ой өрісін қалыптастыруға, қоғам мүшелері мен айналаға мейіріммен қарауға, татулық пен тыныштыққа қызмет етіп қана қоймай, адамның жан дүниесін иман нұрымен нұрландырып, көркем мінезді, сабырды серік етуге жетелейтін ілім.
Қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратуда діннің алар орны ерекше. Бүгінде елімізде ислам дінінің атын жамылған неше түрлі ағымдар, діни бірлестіктердің саны артып елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне селкеу түсіретін құбылысқа айналып отыр. Осы тұрғыда діни тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қоғамда тағатты діни сананы және радикалдық идеологияға деген иммунитетті қалыптастыру, жастардың патриоттық сезімдерін нығайтумен қатар, бұрмаланған діни көзқарастардың қалыптасуының алдын алу мақсатында аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі үкіметтік емес ұйымдар арқылы «Дінаралық және конфессиялық келісімді нығайту мен тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық, түсіндіру шараларын ұйымдастыру» үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Шаңырақ» қоғамдық қоры жобаның кіріспесін аудандық ардагерлер үйінде «Ислам діні – жақсылықтар бастауы» тақырыбында сұхбат алаңын өткізді.
Басқосуда ардагерлер, аудан имамы И.Илиясов, жоба басшысы Р.Игілікова мен жетекшісі Ж.Қожық жоғарыда аталған мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы уақытта кең көлемде ұйымдастырылатын шаралардың жоспары бекітілді. Жоспар бойынша қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында білікті теологтар мен психологтарды шақыртып, аудан орталығы мен шалғай ауылдардағы әлі оң мен солын танып болмаған, әр нәрсеге әуестенуге құмар жасөспірімдерге діни теріс ағымдардан сақтандыру үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Гүлжайнат ШЫҢДЫБАЕВА