Жуырда Маңғыстау өлкесінің тумасы, жерлесіміз Ұлжан Шайхы Назардың Нұр-Сұлтан қаласында «Жебе таңбалы тайпа» атты тарихи әңгімелер мен мұрағаттардан құралған толымды еңбегі жарық көрді. Аталған кітапта Адай бабамыздың шыққан тегі, өмір тарихы, бабаның батыр, би-шешен ұрпақтарының аңызға айналған ерліктері мен істері туралы оқиғалар Ресей, Қалмақ, Қытай, Шығыс деректеріне сүйену арқылы зерттеліп жинақталған. Кітап авторы Ұлжан Шайхы Назардың «Жебе таңбалы тайпа» атты еңбегін оқи отырып, қазақ тарихының кейбір парақшаларына яки терең сәттеріне бойлай көз жүгіртіп, оңаша саяхаттап қайтады екенсің. Өздеріңізге мәлім, ұлтымыздың ұлы тарихы әріректен бастау алады. Кеңестік кезең тұсында айтылмай келген, жазылмай қалған тарихымыз бізге Қытай, Ресей т.б. елдердің бай мұрағат қорларынан жетті емес пе?! Тәуелсіздік алған кезеңде тарихымызға жаңаша бетбұрыс боп, тарихымыздың өшкен шамын жақтық. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, боздақтарымызды ақтап, асылдарымызды ескеріп тарихымызбен қайта қауыштық. Қолдарыңыздағы едәуір толымды еңбек соның бірегей нәтижесі. Кітап ішін парақтай отырып, қазақ мемлекетінің яки хандықтың құрылуы, еліміздің тарихи тұлғаларының (батырлары, билері, сұлтандары, қайраткерлері, игі жақсылары) өмір жолдары, аңыз әңгімелері, хиякаялары, шежірелері бәрін-бәрін осы қолжазбаларарқылы анық аңғаруға болады. Бізге шежіре не үшін керек?!Бұл сұрақтың жауабын төтесінен былайша қайыруға болады: жаңа буын ұрпақтың тегін білуге, ата-тарихын терең меңгеруге, ата-бабаларын мақтаныш етуге, баршаға насихат ету үшін керек. Шежіре – ұлттың ұйытқысы. Шежіре – тарихтың ұйытқысы.Шежірені білмеу – ата тегіңді білмеу. Осы орайда, Ұлжан Назарқызының адал еңбегінің ізденісі арқасында, біз көп мәліметтен хабардар боламыз. Қолжазбадағы «...Алаңқай жұртын Адай деп...», «Жебе таңба Жебеден», «Елтаңдың аңызы», «Сегіз арыс Адайың» тақырыпшалары Адай тайпасының өмір сүру кезеңдеріннен сыр шертсе, «Ханның басын хан алар» мақалада Шыңғыс ханның деректерінен әңгіме өрбейді. Күні бүгінде Шыңғыс хан хақындағы зерттеулер әлі де болса Шыңғыс ханның кім екендігі, қай ұлттан шыққандығы, қайта жерленгендігі турасында әлемдік аренадағы ғалымдардың «сүйікті тақырыбы» болып отыр. Ал, бұл қолжазба мәліметтерінде Ұлжан Назарқызының ізденісі кезеңіндегі естіп білген, жазылған еңбектермен салыстыра жазылғандығы баяндалады. Кітаптың енді бір бөлімінде «Ер Қосай» деп аталатын деректі әңгімеде Қосай бабамыздың өмір жолына тоқталады. Бәрімізге аян, баба жүріп өткен мұз жарылып, көштің бәрі қақ бөлінген мұз астына кете барады. Осы қайғылы сәттен кейін, інісі Тәзікенің отбасының араласуымен Қосай бабамызды түрікпен Сейітбеглі ишанның қызы Оғылмеңлі әжемізбен отастырып, олардан өрбіген 6 баласын мәуелі ағашындай жайқалған әулет екенін тарихи шежіреден білетінбіз. Осы әңгімені автор біршама зерттеулерге сүйеніп, ескі кітаптармен салыстыра жазғаны көрініп тұр. Деректі әңгіменің соңын Ұлжан апамыз: «Мен қазақтың өткен тарихындағы әрбір батыр бабалардың тарихын бар ынта жігерімді салып мақтанышпен жазамын. Кейбіреулер сенбес, бірақ мен қазақты бөле жармай, әр тұлғаны өз деңгейінде айтып жеткізсем деймін. Тарихы қазақтың руға тіреліп тоқтап қалмауы керек, түбі қазақтың мәңгі ел болуы тек қана бір қазақтың бірлігінде», - деп керемет қорытындылайды. Иә, автордың өзі айтқандай қазақтың бірлігі жолындағы бұл қазыналы еңбек өткен тарихтан сыр шертетін келешек ұрпақтың еншісіне бабалар жолын, аталар тарихын дендеп жүйелеуге, тереңдей зерттеуге, толымды еңбек қып насихаттауға жол ұсынатын үлкен тағылымды да, ұрпақтың кәдесіне жарар толымды еңбек де дер едім.
Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ Суреттер автордан