Әлеуметтік тұрғын үйге кезекте тұрушылардың бірыңғай республикалық автоматтандырған базасы құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында көп балалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға және салуға қаржы қарастырылды. Республикалық бюджеттен жылына 50 млрд теңге немесе 7 жылда 350 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Жыл сайын тұрғын үймен 6 мың көп балалы отбасы, 7 жылда 40 мың отбасы қамтылады. Осы жылдың мамыр айынан бастап 1480 көп балалы отбасыға баспана берілді», - деді министр. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жұмыс істейтін жастардың еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдары жылына 1 мың жалдамалы пәтердің құрылысы жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үйлерді сатып алуға және салуға қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Бұл бізге жұмыс істейтін жастарға 2019, 2020 және 2021 жылдары 3 мың жалдамалы пәтерден беруге мүмкіндік жасайды. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі көп балалы, толық емес отбасыларға және мүгедек баласы бар отбасыларға тұрғын үй алуға жылдық 2 пайызбен және 10 пайыздық алғашқы жарнамен жеңілдетілген несие беруді бастады. Бұл мақсаттарға 3 жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жыл сайын 6 мың отбасы әлеуметтік көмекпен қамтылады», - деді ол. Р.Скляр Ұлттық банкпен бірге жалдамалы тұрғын үйді дамытуға жеке инвесторларды тарту тетігі әзірленіп жатқанын соның есебінен қосымша 10 мың жалдамалы пәтер салуға мүмкіндік туатындығын және жылына 20 мың отбасы баспанамен қамтылатындығын баса айтты. «Тұрғын үй құрылысын өсірумен қатар біз әлеуметтік тұрғын үйді үйлестіру тетігін жетілдіру және бұл процестердің ашықтығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Бұл үшін Бірыңғай республикалық автоматтандырған кезекте тұрушылар базасы құрылуда. Азаматтар өз кезегінің жылжуын онлайн режімде қадағалай алады. Жалпы қабылданып отырған шаралар тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесін қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары уақтылы және толық орындалады», - деді министр.