Біз шексіз-шетсіз ақпарат кеңістігінде өмір сүріп келеміз. Толассыз ақпарат толқыны тұрмысымыздың айнымас бөлігі ретінде адамды сандық технологияға тәуелді етті. Кейде ғаламтор желісін ақтарсақ, мүлдем ойлау жүйеміз қорыта алмайтын «қоқыс» ақпаратқа, ұрпақ санасына улы зәрін себетін жалған деректерге ұшырасып жатамыз. Сол себепті секунд сайын жаңарған ақпарат ағынында бәсекеге қабілетті басылым ғана өміршең болмақ. Әсіресе сандық технология үстемдік құрған заманда сайттар үлкен сұранысқа ие. Жас буын өкілдері газет-журналға аса ынта таныта қоймаcы жасырын емес. Смартфон арқылы барлық жаңалыққа құлағы түрік. Сондықтан сапалы сайт контентін қалыптастыру өте маңызды. Бұл орайда сөз өнерін жетік меңгерген, өзіндік жазу машығы қалыптасқан, қаламынан туған дүние бір деммен оқылатын журналист-маманның рөлі өте зор деп білеміз. Себебі ғаламтор кеңістігінде өріп жүрген дәлелсіз-дәйексіз дүниеден гөрі халық сырты жұмыр, мән-мазмұнға ие, нақты дерекке негізделген ақпаратқа аса зәру. Бүгінгі таңда «Маңғыстау-Медиа» серіктестігіне тиесілі 7 газетке ортақ mangystaumedia.kz сайты жұмыс жасайды. Сайт ұжымы әр кез қоғамда орын алған өзекті оқиғаларға үн қосып, өңір халқын жан-жақты ақпаратпен қамтып, оперативті қызмет етіп келеді. Әрине, сайт рейтингі, оқырман назарына ілігуі оның контент сапасына, сырт пішіні, дизайн көркемділігі мен тартымдылығы секілді бірқатар факторларға байланысты. Осы жайттың барлығын ескерсек, сайт жұмысын жолға қоюда, әсіресе қаралым санын еселеуде, желіде танымал ресурс көзіне айналдыруда сайт редакторының еңбегі орасан зор екендігін сөзсіз түсінеміз. Оқырман талабына ыңғайлап мазмұн мен негізгі ойға нұқсан келтірмей ұзын-сонар материалды ықшамдау, аудио әрі бейне жазбаларды орайына қарай қолдану, мақаладағы негізгі ой астарын айқындай түсер тақырып таңдау редактор қарым-қабілетіне тікелей байланысты. Бұл ретте mangystaumedia.kz сайтының редакторы Кәмшат Әбдірайым кәсіби биік өресін танытып, сайт қызметін ілгері сүйреп келеді. Ол көрер көзге тартымды, есте сақтауға оңай, өзіндік мәнге ие әрі оқырманды қызықтырар сайт атауы мен логотипін таңдауда көп еңбек сіңірді. Сайт редакторы ретінде өңір тынысын жіті бақылап, қоғам өмірінің қызу ортасында жүріп, әлеуметтік желіде де белсенділік танытып жүр. Толассыз мақалаларды өңдеу, мазмұнына қарай іріктеу, тәуліктің кез келген мезгілінде сайтқа жарыққа шығаруда да осалдық танытпауда. Сондай-ақ сайт рейтингін көтеру үшін сан алуан әдіс-тәсілдерді шебер қолданып, сайтты тұрақты табыс көзіне айналдыру үшін табанды еңбек етіп келді. Жуық арада Кәмшат Әбдірайым біліктілігін жетілдіру мақсатында шетелге оқуға аттанбақшы. Кез келген сайтта қаралым санын көбейту үшін оның дизайны басты рөл ойнайды. Бұл жерде mangystaumedia.kz сайтының арт-дизайнері Ақерке Гагаринқызының еңбегін ескермеу мүмкін емес. Ол әр кез сайттың сырт пішінін контентіне лайықтап, оқырман назарына лезде ілігерліктей тартымды дүние жасап шығарады, фото не бейне жазбалардың форматын өзгертеді. Сайтқа арналған бейнебаяндарды монтаждау, оқырманмен кері байланыс орнатып, редактор нұсқауына сәйкес материалды жариялау міндеті де Ақеркеге жүктелген. Ал контент-менеджер Жалғас Бөлтеков мақалаларды ішкі мазмұнына қарай саралап, әлеуметтік желілерде белсенділікке ие болуын жіті бақылайды. Дәстүрлі басылымда болсын, заман талабына сай кез келген ақпарат порталында болсын білікті журналистерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Сайт журналистінің бойынан табылуы шарт қасиеттер қатарына, ең алдымен, жеделдік, ширақтық пен терең білімпаздық, аналитикалық ойлау қабілетін жатқызар едім. Mangystaumedia.kz сайтының аяғын нық басуы жолында еңбек сіңірген журналистер қатарында Айгүл Дәден, Теңге Бекмұрзаева болғаны мәлім. Олар кәсіби маман ретінде сайт беделін көтеріп, әлеуметтік желіде ілгерілету ісін мықты жолға қойды. Бүгінгі таңда медиа серіктестікке қарасты сайтта Жұлдыз Қалиева мен Махаббат Нұржанқызы сынды жас журналистер қызмет етеді. Олар ширақ қимылдап, аудитория сұранысына жауап бере алатын материал дайындау мақсатымен әр кез ізденіс үстінде жүреді. Сайт мазмұнын селт еткізер сенсация соңына түсіп, арзан дүниелермен толтырмай, оқырманға рухани азық боларлық мән-маңызға ие, бұқара өміріндегі көкейтесті мәселелер жөнінде сыр толғайтын мақалалармен байытуға еңбек етіп жүр. Сайттағы фотоконтентке жауапты қос фототілші Талант Құсайын мен Серік Майемеров сынды кәнігі журналистер еңбегі – өз алдына бір төбе. Фототілші объективіне түскен кадр – ұшқыр қиял иесінің қырағы көзіне іліккен өмірдің қас-қағым мезеті. Тәжірибелі фотожурналист қолынан шыққан дүние оқырманға салмақты ой тастайды. Ол – мәселе өзегін, ең жанды тұсын сөзсіз ұғынтар құдіретке ие. Журналист қаруы – қалам мен қағаз, ал фотожурналист қорғаны әрі қаруы қолдағы фотокамерасы. Фотокамера функциясын мықты меңгерген, қыр-сырына қанық кез келген жан фотожурналист бола алмайды. Ол үшін адам бойында табиғи дарын мен тума талант болуы шарт. Жансыз бейнеге жан бітіру, үнсізді сөйлете білу, басты ой астарын аша түсу шығармашылық адамының қолынан ғана келеді. Бүгінгі таңда mangystaumedia.kz сайтында қызмет етіп жүрген фототілшілер бойынан жоғарыда атап өткен қасиеттер молынан байқалады. Қос тісқаққан маман да – бір-бір көлемді мақалаға арқау боларлық кейіпкерлер. Бүгінгі таңда сайт ұжымы даму мен өркендеуді көздеген ортақ мүдде жолында тату қызмет етіп келеді. Басты мақсаты – mangystaumedia.kz сайтының рейтингін аспанға шарықтатып, әйгілі ету. Оқырман аса зор ықыласпен әрі сеніммен оқитын ақпарат порталына айналдыруды мұрат тұтады. Ол үшін уақыт ағымына және заман талабына сай алда атқарылатын ауқымды жобалар жетерлік. Басты ұстанымы – ұлттық рухты көтеру, қоғамда өзекті тақырыптарды қозғап, жетістіктер мен кемшіліктерді үзбей жариялап отыру, түрлі тақырыптардағы шығармаларды көпшілікке таныстыру. Кәсіби мереке қарсаңында барша журналистерге қалам қуаты үдеп, шабыты шарықтай түсуіне тілектестігімді білдіремін. Ең бастысы, ақпарат майданында тер төгіп жүрген жауынгер рухты журналистер аман болғай!
Голрох ЖЕМЕНЕЙ