«Маңғыстау-Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әкімшілігі сіздерді алда келе жатқан баспасөз қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтайды! Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп айтқанындай, сіздер кезінде өресі биік, ақылы кемел азамат ретінде газет беделі үшін аянбай қызмет еттіңіздер. Қарқынға қарқын қостыңыздар. Өздеріңізді әрдайым пендешіліктен жоғары қойдыңыздар. Сіздердің көздеріңіз жіті, құлақтарыңыз сақ, көңілдеріңіз кең болды. Соның арқасында маңайларыңызға талғамы биік мамандарды топтастыра білдіңіздер. Журналистердің бірсарындылықпен өз «өмірін» өзі «өлтіруіне» жол бермедіңіздер. Жүйрікті айнымай танитын мықты сейістей жас кадрларды іріктедіңіздер, оларға үлгі көрсетіп, сөз қорларының молаюына ықпал жасадыңыздар. Сүйінбай ақынның «Халықты тілмен қорғадым, сөз шындыққа келгенде бас кессе де болмадым» дегеніндей әділдікті меңзедіңіздер. Журналистердің көзімен көріп, сезініп жазбаса, олардың мақалаларының «еш дәмі» болмайтындығын дәлелдеп бақтыңыздар. Сенсация қуудан аулақ қылдыңыздар. Соның арқасында оқырмандар бұрындары газеттің сөзін Құдайдың сөзімен тең санады. Қазіргі журналистер қауымы сіздердің сол кездегі халықтың үні мен тілі саналатын газет жасағандарыңызды үлгі тұтады. Олар ардагер-журналистер арқылы Ұлы даланың ұландарының қандай болуы керектігін білді, ол еш ұмытылмайды. Осы ретте Маңғыстау журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан К.Мырзағұлов, А.Сүйеров, З.Исағұлов, А.Өтегенов, М.Қибасов, М.Сухамбердиев, Т.Шадықұлов, Ж.Айдарбаев, М.Қосымбай, П.Долматов, Ж.Бошалақ, Р.Оңғарбай, Ә.Спан, Е.Нәрембаева, Т.Мыңжас, Л.Петриченко, С.Әжібаев, З.Кәлкенбай, Б.Үмбетов, Г.Науырша және басқа көптеген журналистерге зор ризашылығымызды білдіреміз. «Солдат өлсе, орнын толтыруға болады. Ал ақын өлсе, оның орнын толтыру мүмкін емес» деген екен кезінде Наполеон. Рас, екінің бірі журналист бола алмайды. Сол себепті өздеріңіз есіктегі бастарыңыз төрге жететіндей ерекше құрметке иесіздер. Әрқайсыңыздың қадір-қасиеттеріңізді бағалаймыз. «Тез деген – баяу қимылдау, бірақ үзіліссіз» деп жапон халқы айтқандай, құрметті ардагер-журналистер, сіздерге еш үзілісі жоқ абырой мен амандық тілейміз.
«Маңғыстау-Медиа» ЖШС ұжымы