Облыс әкімдігінде өңір басшысының орынбасары Р.Сакеевтің қатысуымен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Басқосуда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Оңалбайқызы өңір аумағындағы көнекөз мұраларды, өн бойына тарих сырын бүккен киелі орындарды қорғау, тазалығын сақтау мақсатында жүргізілетін жұмыстардың кемшін тұстарын тілге тиек етті. «Облыс әкімдігінің 2006 жылғы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қоғамдық қамқоршылыққа бекіту» туралы қаулысымен сол жылы 86 ескерткіш қоғамдық қамқоршылыққа бекітілген болатын. Қаулыны жүзеге асыру аясында «Қарақұдықмұнай», «Арғымақтранссервис», «Тұлпармұнайсервис», «Ерсайкаспианкострактор», МРЭК, «КазТрансОйл» БФ ММҚБ, «Өзенмұнайгаз» тәрізді белсенді ірі мекемелермен 35 ескерткішке қоғамдық қолдау жұмысы жүргізілді. 2017 жылы қаулыға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Қаулыны іске асыруға 30 облыстық мәслихат депутаттары, 60 мемлекеттік мекемелер, 76 мемлекеттік емес ұйымдар жұмылдырылды. Оның ішінде 20 компания қамқоршы мекеме жаңадан қосылды. Қазіргі таңда тарихи-мәдени ескерткіштерге қамқоршылық жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген ұжым азаматтары бар. Десекте, өз міндетін атқаруға құлықсыз мекемелерді айтуға тура келеді. Мәселен «Рекон Актау» мекемесі Көкімбет ескі күмбезтамына тиісті деңгейде қоғамдық жұмыстар жүргізбеді. Баршаға мәлім Алтын Орда дәуірінде бой көтерген ескі қорым өлке тарихының құнды мұрасы. Бүгінгі жағдайы өте мүшкіл. Бұл мәселе облыс деңгейінде көтерілді. Аталған мекеменің мүмкіндігі жеткенімен маңызды мәселеге мойын бұрмай келеді. Әрине, күмбезді толықтай қайта қалпына келтір деуден аулақпыз. Басты қоршау жұмыстарын жасау бойынша ұсыныс айттық. Одан кейін «АрселорМиталл» Қаратөбе ескерткішіне, «МаерскОйл» Бегеш қорымына , «ЕмірОйл» Оңды ауылындағы Әбіш бағын көгалдандыру, суару ісіне мүлдем мән бермейді. «ҚазақГазӨңдеу» зауыты Көгез тарихи орнын, «Каспиймұнайқұрылыс» Самал сайын, «КаспийЦемент» мекемесі тарапынан Қарауылкүмбет орта ғасырлық күмбезтамына ешқандай қоғамдық жұмыстар жүргізілмеді»,-деді П.Сармурзина.
Голрох Жеменей