©
Маңғыстау өңіріне жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы К.Мәсімов Ақтау халықаралық теңіз сауда портының қазіргі жағдайы, проблемалары және даму переспективасы туралы кеңес өткізді. «Ұлт жоспарының» 65 қадамында қойылған міндеттер, Азиядан Еуропаға кідіріссіз жүк тасымалдау сияқты өзекті мәселелерге тоқталған Премьер-Министр осы мақсаттарды жүзеге асырудағы Ақтау портының стратегиялық маңызын атап өтті.
Жыл басында осындағы орын алған көлік кептелісіне қатысты алынған шаралардың орындалу барысы жайында баяндаған Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д. Ерғожин осындай олқылыққа жол бермеу бағытында атқарылған жұмыс нәтижесіне тоқталды. Ведомстволар арасындағы жұмыстар реттелді. Түркия, Әзербайжан Республикасындағы әріптестермен келіссөздер жүргізілді. Электрондық ақпарат толықтырылып, жетілдірілді. Өткізу процестерін жетілдіру үшін ақпараттық жүйені ағылшын тіліне көшіруге бағыт ұсталуда. Бұл жұмыс қараша айында аяқталмақ.
Сондай-ақ, кеңесте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А.Мамин, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» президенті М, Ялбачев, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «Баку халықаралық теңіз сауда порты» ЖАҚ бас директоры Т.Зиядов сөз сөйледі.
Кеңес барысында 2016 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша теңіз портынан өткен жүк көлемі 2 миллион 681 мың тоннаны құрағаны атап өтілді. 2015 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жүк көлемі 947 мың тоннаға немесе 26 пайызға азайған. Бұл үлес салмағы басым мұнай көлемінің төмендеуіне, оның құбырмен тасымалдануына байланысты орын алып отырған жағдай. Оның есесіне металл мен астықты ауыстырып тиеу көрсеткіші былтырғыдан 41 мың тоннаға өсіп, 633 мың тоннаға жетті. Ақтау мен Баку арасындағы көлікпен тасымалданатын жүк көлемі өсуіне орай, паром жүгін ауыстырып тиеу мөлшері өткен жылға қарағанда биылғы жылдың алты айында 176 мың тоннаға артып, ауыр жүк тасымалдайтын машиналарды тасымалдау көлемі 14 есеге өсті. Бүгінгі таңда, бір машинаны жіберу уақыты 2,5 сағаттан аспайды. Айына 2 мың автокөлік өткізілуде. Бұған «Бір терезе» қағидаты бойынша кедендік рәсімдеуді енгізу нәтижесінде қол жетіп отыр. Мемлекеттік бақылаушы, кеден органдары, шекара қызметі, уақытша сақтау қоймасы, «Қазпошта» АҚ бөлімшесі, медицина пункті тәулік бойы жұмыс жасайды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин келтірген дерекке сүйенсек, Каспий аумағы елдері 2020 жылға қарай порттар қуаттылығын 103 млн. тоннадан 150,6 млн. тоннаға дейін, яғни 1,5 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Бұл кезде Ақтау теңіз портының Каспий маңы елдерінің жүк айналымындағы үлесі 26 %- дан 34% -ға дейін артады.
Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімі А.Айдарбаев аймақтың дамуы үшін маңызды деген 4 мәселені көтерді. Ақтау халықаралық әуежайы қазіргі таңда 30 пайыз жүктемемен жұмыс жасап тұр. Сондықтан қосымша рейстер ашу жолы қарастырылғаны жөн. Ақтау мен Құрықты байланыстыратын керемет жолымыз бар. Құрықтан паром кешеніне дейінгі аралықтағы 23 шақырымдық жолды салуды толықтай көтеруге жергілікті бюджет мүмкіндігі келмейді. Екі жыл бұрын жасалған техникалық- экономикалық негіздеме Баутин портын дамыту, осында темір жол тарту мәселесінің тиімділігін дәлелдеп берді. Өйткені, «Қашаған», «Теңізшевройл», «Жемчужина», «Қаламқас», басқа да теңізбен байланысты жобалар үшін мұның тиімділігі мол. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, жобалық-сметалық құжаты қолдау тапқан Құрықта кеме құрылысы зауыты іске қосылса, металлургия, құбыр прокаты, электро техника саласына да серпін берер еді.
Кеңестен соң ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасының жүзеге асырылуы барысымен танысты. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында Үкімет басшысына «ҚТЖ» ҰК» АҚ төрағасы Асқар Мамин баяндады.
Жобаның жүзеге асуы 3 кезеңді қамтиды: қорғаныш гидротехникалық құрылғылар тұрғызу, су табанын тереңдету жұмыстарын жүргізу және құрғақ жүк терминалдарын салу. Мұның бәрі порттың өткізу қабілетін 16,5 млн. тоннадан 19 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде жобаның соңғы кезеңі жүзеге асуда, қызметтік және өндірістік нысандарын, ішкі алаңдардағы инженерлік желілерге кіру жолдарын салу жұмыстары жүргізілуде.
Кешке Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысының қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, аймақтың экономикалық өсу барысымен танысты. Облыс әкімі А.Айдарбаев өнеркәсіптің даму қарқыны, іске асып жатқан әлеуметтік мәселелер, жұмыс орындарының қсықаруына жол бермеу бойынша атқарылған жұмыстар, жастарды жұмысқа орналастыру тетіктері жайында баяндады. Жұртшылық өкілдері тарапынан Премьер-Министрге, министрлерге қойылған сұрақтар да аз болмады. Мектеп формасы, бес күндік оқу кестесіне көшу, оқулықтармен қамтамасыз ету жайлы сауалдарға жауап берген Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев бес күндік оқу кестесіне биыл бірінші сынып оқушылары көшетіндігін, бұл процестің кезең-кезеңмен өтетіндігін жеткізді.
Халқы қарыштап өсіп, азғана жылда 140 мыңға жеткен Мұнайлы ауданының проблемаларына қатысты да сұрақтар қойылды. Басқұдық ауылдық округінде 2779 оқушы есепте тұр, мектеп 960 орындық, 1013 баланы аудандағы басқа мектептерге тасымалдау ұйымдастырылған. Әйтпесе 3 аусымда оқытуға тура келеді. Бұл сауалға қатысты жауап берген Білім және ғылым министрі алдағы жылы осындағы мектептің кеңейтіліп, немесе жаңадан оқу орны салынатындығынан хабардар етіп, қуантып тастады.
«КезБи», «Бұрғылау» ЖШС, басқа да сервистік кәсіпорындардағы өзекті проблемаларға қатысты «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев жекеменшік кәсіпорындар деп сырт айналмай оларға барынша көмектер жасалатындығы, осы бағытта қолға алынған, нәтиже берген шаралар турасында хабардар етті. «Теңізшевройлда» ашылмақ жаңа жұмыс орындарына маңғыстаулық бұрғышыларды тарту, Ресейдегі мұнай кәсіпорындарынан тапсырыс алу мүмкіндіктері жайында ұсыныс-пікірін жеткізді.
Сонымен қатар, жас мамандарды тұрғын үймен, облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, басқа да көптеген мәселелерге қатысты Экономика вице-министрі А.Әріпханов, энергетика министрі Қ.Бозымбаев жауап берді.
Кездесуді қорытындылаған Үкімет басшысы қойылған мәселелердің Үкімет отырысында қаралып, тиісті шаралар қабылданатындығын, өңірдің дамуына қатысты қолдау-көмек жасалатындығын жеткізді.
Болат ҮМБЕТОВ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ