©
Маңғыстау облысында 2019 жылдың 5 айында 28 мыңға жуық мал чиптелген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаментінен мәлім етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің айтуынша, ірі қара малды чиптеу - жолдағы көлік апатының санын азайту және мал ұрлығының алдын алуға бағытталған қажетті шара. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен жиында айтылды. Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері ветеринарлармен бірлесе отырып, 2019 жылдың 5 айында 27962 бас малды чиптеген. Өңірдің бас полицейінің айтуынша, чиптеу жол-көлік апаты кезінде малдың иесін табу үшін қажет. Өйткені чип малға тиісінше қарамаған иесін қатесіз тауып, материалдық жауапкершілікті рәсімдеуге мүмкіндік береді дейді полицейлер. «Құрамына аумақтық ауылшаруашылығы бөлімшелерінің мамандары, ветеринарлық бақылау инспекторлары мен ветеринар дәрігерлер кіретін жұмыс тобы құрылды. Жедел шаралар кезінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406 бабына сәйкес 68 адам жауапқа тартылды», - деп атап өтті полиция департаментіндегілер. Сондай-ақ талапқа сай екенін анықтау үшін мал және ет өнімдерін тасымалдайтын көліктер мен құжаттары тексерілген. Сауда орындарында, базарларда да рейдтік шаралар жүрген. Полиция қызметкерлері ветеринарлармен бірілесіп ауылдардағы мал қорымының иелері мен малшыларға чиптеу мен жол-көлік оқиғаларын алдын алудың маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жергілікті атқарушы билікке қамауға алынған малды ұстайтын арнайы орындар әзірлеуге ұсыныс берілген. Жиында Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов аудан әкімдеріне полицямен бірлесе отырып, чиптеудің тиімділігі туралы мал иелесіне түсіндіру туралы тапсырды.