Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында облыстық «Мерейлі отбасы» сайысы өтті. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан бастап отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өтіп келеді. Отбасы – береке-бірліктің қайнары. Облыстық сайысқа түскен «кішкентай мемлекет» мүшелері жиылған шараға жастар мен әскери мамандар, ардагерлер қатысты. Сайыскер отбасылар мен мерекеге жиылған жұртшылықты облыс әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев құттықтады. «Мемлекеттің тірегі – отбасы! Отбасы мерекесі құтты болсын! Осындай үбірлі-шүбірлі отбасылар - өсіп келе жатқан жастарға үлгі-өнеге. «Баталы ұл арымас» деген сөз бар. Салауатты ұрпағымыз көбейе берсін!» - деген тілегін білдірді құттықтау сөз иесі Руслан Кенесарыұлы. https://www.youtube.com/watch?v=nICjDaN3hAk Биыл аталмыш сайысқа 21 отбасы қатысып, өзара бақ сынасқан. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев табыс еткен Бас жүлде қарақиялық Жүгенбаевтар отбасына бұйырды. Отағасы Саламадин Жүгенбаев - зоотехника маманы. Ауылшаруашылығы саласының ардагері. Жұбайы Ағия Балықбаевамен бірге 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Екеуі 8 баладан 29 немере, 30 шөбересі сүйіп отыр. Отау құрғандарына 57 жыл. Жаңаөзендік педагог, жеке кәсіпкер, 2018 жылғы «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдегері Есенбай Қалдаманов тапсырған жүлделі І орынды үштағандық Нұрсебеповтер отбасы жеңіп алды. Отағасы шопан Нұрхан Нұрсебепов - екі рет «Социалистік жарыс жеңімпазы» атанған еңбек ардагері. Балалары - мұнайшы, жеке кәсіпкер, дәрігер т.б. мамандық иелері. Отанасы Айтбике Нұрсебепова көпбалалы ана, ұл, қыз өсірген өнегелі отбасы. 12 ұл-қызынан 47 немере, 3 шөбере өсіріп отыр. Маңғыстау облыстық ардагерлер қоғамдық кеңесі филиалының төрағасы Серікбай Төлетов тапсырған ІІ жүлдеге Торлановтар отбасы ие болды. Отағасы, теміржол саласында 42 жыл үздіксіз жұмыс атқарған еңбек ардагері Асылбек Торлановтың 3 ұл, 7 қыз, 42 немере, 21 шөбересі бар. Отанасы – Түзел Торланова көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері. Сайыстың ІІІ орын жүлдесін бейнеулік Қидасовтар отбасына «Шаңырақ» қоғамдық қорының директоры, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі Рыскүл Игілікова тапсырды. Жолдас Қидасов 40 жыл мектепте ұстаздық қызмет атқарған, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі. «Жайлауы шұрайлы, қойнауы мұнайлы - Боранқұл» кітабының авторы. Жұбайы - Жансұлу Боранбаева мұғалім, «Күміс алқа» иегері. Отбасының 6 бала, 16 немере, 1 шөбересі бар. Мерекелік шарада «Жорға» би ансамблі, М.Өскінбаев атындағы филармония әртістері өнер көрсетті.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80023,80024,80025,80026,80027,80028,80029,80030,80031"]