©
Алматыда Каспий теңізі аймағына қарасты су түбіндегі мұраларды қорғау бойынша алғашқы аймақтық отырыс өтті. Су түбіндегі құндылықтар мен мұраларды коммерциялық мақсатта пайдалану, археологиялық арте фактілерді этикадан тыс қалыпқа келтіруге тырысу, оларды заңсыз сату үрдістері әлемде бұрыннан бар. Бір қиыны, су түбіндегі тарихи мұраларды іздеушілер пайда табу жолында мұхит түгілі теңіздер мен көлдерді, өзендерді шарлап кеткен болатын. Осы бассыздықты тоқтату мақсатында 2001 жылы UNESCO су түбіндегі мұраларды қорғау бойынша конвенция қабылдаған еді. UNESCO-ның мәліметіне сүйенсек, әлемдегі мұхиттар мен теңіздерде суға батып кеткен 3 миллионға жуық кеменің қалдықтары жатыр. Бір ғана Жерорта теңізінің жағалауында су астында қалған 150ге тарта қаланың орны табылған. Осы мұралардың жойылып кету қаупі бар. «Каспий теңізі – жер шарындағы ірі су қоймаларының бірі. Қолда бар дерекке сүйенсек, теңізде 80ге тарта суға батқан кеменің, металл құрылымының қалдықтары бар. Алайда Каспий теңізін археологиялық зерттеу мен аймақты зерделеу жүйесі соншалықты жолға қойылмаған», – дейді Су түбіндегі мұраларды қорғау бойынша конвенция маманы Чихиро Нишикаева. Сонымен қатар аталмыш отырыс Каспиймен шектесіп жатқан елдердің өкілдеріне су түбіндегі мұраларды қорғау мәселелерімен танысуға мүмкіндік береді. Даниядан келген халықаралық сарапшы Афина Тракадас Копенгаген қаласында орналасқан корольдік теңіз музейінде еңбек етеді. Ол теңіздердегі археологиялық нысандарды қорғау қажеттігі туралы айтып берді. «Теңіз түбінде археологиялық мұралар мол. Менің есептеуімше, ол мұралардың саны 20 мыңнан асады. Олардың бәрін зерттеп, сақтап қалу керек. Біз жер бетінде жоқ материалды су түбінен табуымыз мүмкін. Су түбіндегі мұраларды қорғау да – мәдениеттің бір нышаны. Оның экономикалық пайдасы да зор. Су астындағы әлем – аңыздар мен әпсаналарға толы. Оның бәрін көтеріп, зерттеуіміз керек», – дейді ол. Отырысқа Каспий теңізінің су астындағы мұраларына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар, UNESCO Ұлттық комиссиясының өкілдері мен мәдени мұраларды сақтау бойынша мамандар қатысты. Әзірбайжан, Ресей, Армения, Гүржістан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан елдерінен сарапшылар келіп отыр.ҚазАқпарат